Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Алматыда екі рет жер сілкінді

Бүгін Алматыда таң бозарып атқалы екі рет жер сілкінді. Алғашқы тербеліс сағат алты жарым шамасында тіркелді. Оның қуаты әлсіз болғандықтан, тұрғындардың көбі ештеңе сезбеген. Алайда сағат тоғыз отыздағысы ел-жұрттың жүрегін кәдімгідей шайлықтырып тастады.

АҚНҰР КӘРІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ұйықтап жатқаннан кейін бе, қатты сезілді және ұзақ болған секілді.

НАЗЫМ ҚАДЫР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сезіндім. Банкте отырғанбыз, 3-қабатта. Қорқып, барлығымыз шығып, далада күткенбіз. 5-10 минуттан кейін қайтадан ішке кірдік.

Жер ана тек екінші рет толқыған кезде ғана тұрғындардың телефондарына хабарлама келіпті. Ғимараттар шайқалып, қабырғалар дірілдеген кезде жандары мұрындарының ұшына келгендер бірден сыртқа ұмтылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда 3-4 балл шамасында сезілген. Бұдан бөлек, шаһар іргесіндегі Қаскелең, Боралдай және Өтеген батырда да білінген.

ЕРГЕН БАТПАСОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, 28 қыркүйек сағат 9:30-да Қырғызстан аумағында жер сілкінісі орын алды. Алматы қаласында сезілуі 3-4 баллды құрады. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының болжам комиссиясының қорытындысына сәйкес, Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Тек ресми ақпараттарға сеніп, үрейге берілмеңіздер. Жағдай Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында.

Мамандар жер сілкінісінен кейін қаладағы маңызды нысандарды, сел жүру қаупі бар аумақтар мен өзен-суларды тексерген. Бүлінген, қираған дүниелер анықталмапты. Жұрт осылай абыр-сабыр болып жатқанда, түс ауа Алматы облысының Райымбек және Кеген аудандарында да жер қозғалды. Оның қуаты 2-3 балл болған.

← Все новости