Елімізде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейді.
Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі 45 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде бірнеше өңірде аса ауыр қылмыс жасаған топтарға үкім шықты. Мәселен, Қарағандыда тау-кен кәсіпорындарынан мүлік ұрлаған 11 адам 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Алматыда көліктерді заңсыз тіркеп, VIN-кодтарды өзгерткен 13 адам да жазасыз қалмады. Алды 8 жылға сотталды. Астанада да ірі қылмыстың жолы кесілді. Есірткі айналымын ұйымдастырған қаскөй 17 жылға, ал оның бес сыбайласы 16 жылға темір торға қамалды.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі:
Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жалғасуда. Негізгі міндет — құқыққа қайшы әрекетті тоқтату ғана емес, сонымен қатар қылмыстық топтардың әрбір қатысушысының заңда белгіленген жауапкершілігін қамтамасыз ету. Дәлелдемелер базасы жиналған барлық қылмыстық істер сот үкімі шығарылғанға дейін жеткізіледі.
Рамаазан Палмағанбет