Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Жаңа мектептің кірпіші құлап жатыр

Су жаңа мектеп жұрттың қуанышын су сепкендей басты. Білім ордасын үш жыл күткен халық «Үмітіміз ақталмады» деп жыларман. Себебі нысанның қасбеті сыпырылып, кірпіші үгітіліп жатыр екен. Ұл-қыздың төбесіне түседі деп қорыққан қараша білім басқармасы бірдеңе қылсын деп отыр.

Балалардың болашағы қаланатын мектептің кірпіші дұрыс қаланбаған. Үш қыстың аязы мен үш көктемнің нөсерін сабырмен сарп етіп, тағатсыздана күткен қостанайлықтардың ақ үміті ақталмады. Баламыз жаңа білім ордасының табалдырығынан аттады деп бөркін аспанға атқан ата-аналардың қуанышы су сепкендей басылды. Себебі қыруар қаражатқа бой көтерген іргелі білім кешенінің сыртқы қасбеті мен кірпіші құлап, жұрттың зәресін ұшырды.

ТАТЬЯНА ДЕРЕВЯНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сырттай бәрі әдемі көрінген еді. Жұрт бұл мектепті ұзақ күтті. Біз де оқып жатқан жерімізден осында ауысып келдік. Ең қызығы, балам екеуміз қанша қабатты ғимарат екенін санап келе жатқанда, терезе жақтауларынан кірпіштің құлап жатқанын байқадық. Бірден желіге түсіріп салдым. Мені қызықтыратын сұрақ бар: бұл мектепті қабылдап алғанда мемлекеттік органдар қайда қарады?

Бір ауысымдағы білім ошағы 980 оқушыға шақталып салынғанымен, қазіргі таңда бұл шаңырақта 633 бала білім нәрімен сусындап жүр. Осыған орай оқу үдерісіне кедергі келтірмеу үшін құрылыс-жөндеу жұмыстары күннің екінші жартысында, сабақ аяқталған соң ғана жүргізіледі екен.

АРДАҚ БЕГАТАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл 633 баламыз қабылданған, бір сменада қазіргі таңда оқып жатыр. Сағат кезінде сабақ аяқталғаннан кейін, екіден кейін, үшке таман құрылыс жұмыстары, жаңағы дефектілер жасалады. Бізде бұл мектеп 3 жылдық гарантияда, яғни оқу процесі кезінде пайда болып жатқан ақауларды құрылыс басқармасына жолдап отырамыз.

Құрылыс басқармасындағылардың айтуынша, бұл мектеп небәрі он айдың ішінде дайын болуы керек еді. Алайда нысанды алғашқы болып қолға алған мердігер уәдесінде тұрмай, жарты жолда әкімдікті әбігерге салып, ісін тастап кеткен. Салдарынан тараптар арасындағы түйіні тарқатылмаған сот процестері созылып, мектептің құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылыпты. «Сылағы түсіп, кірпіші көрінген нысан қауіпсіздікке қалай сай келеді?» деген халық сауалына басқарма өкілдері: «Бұл олқылықтар балалардың өміріне қатер төндірмейді», – деп сендірді. Алайда сапасыз нысанның қалай қабылданғаны әзірге жұрттың күдігін сейілтпей отыр.

ДАНИЯР КАНАПИН, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мектеп тұрғындардың сұранысы бойынша биылғы жаңа оқу жылында есігін айқара ашты. Жауапты мамандар ғимараттан ұсақ-түйек кемшіліктердің табылғанын жасырмайды. Алайда оның бәрі жақын арада қалпына келтіріледі. Ең бастысы – білім ошағында балалардың қауіпсіздігіне ешқандай қатер жоқ.

Қысқасы, ұзақ күткен үміттің аяғы осылайша дауға ұласып отыр. Жауаптылар «қатер жоқ, бәрі қалпына келеді» деп жұртты сабырға шақырып отыр. Ендігі кезекте іргетасы олқы түскен білім ордасының сапасы уәде етілген мерзімде толық түзетілуі тиіс. Бала қауіпсіздігі сынға түскен жерде уақытша сылтаулар емес, нақты нәтиже керек-ақ.

Үсен Астана

← Все новости