Атышулы коронавирус қоғам жадынан енді ұмытыла бастағанда тағы бір пандемия басталуы мүмкін бе? 6 жыл тыныш жатқан халықаралық қауымдастықты Ресейдегі жағдай алаңдатып қойды. Иркутск облысындағы обаға қарсы институттың қызметкері вирус салынған шыны түтікті байқамай сындырып алған. Көп ұзамай 28 жастағы маман ауруханада көз жұмды. Десе де жергілікті билік марқұмның нақты неден бақилық болғанын айтпай отыр. Ал лаборантпен жақын күндері тығыз қарым-қатынаста жүрген 200 адам карантинге жатқызылған екен. Осыған байланысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де үн қатты. Ведомствоның дерегінше, Иркутск облысына жақын маңдар және Ресеймен шекаралас аймақтар қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да тәулік бойы мамандардың назарында екен. Жауаптылар халықты алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырады.