Перейти к содержимому
· 18 просмотров

Кәсіпкерлер әр аймақта әртүрлі салық төлеп жүр екен

Енді барлық кәсіпкерлер салықты бірыңғай жүйемен төлеуі мүмкін. Құрылтай депутаттары қазынаға қаржы құюдың оңтайландырылған тетігін енгізуді ұсынды. Себебі биыл қабылданған жаңа құжатта жеңілдетілген декларация бойынша аймақтарда айтарлықтай айырмашылық бар екен. Мәселен, шағын бизнес үшін жеңілдетілген салық мөлшері 4% құрайды. Бірақ жергілікті мәслихатқа кәсіпкерлердің жағдайына қарай бұл межені төмендетуге мүмкіндік берілген екен. Алайда өңірлер арасындағы мұндай алшақтық біраз түсініспеушілікке себеп болыпты. Кейбір өңірлерде кәсіпкерлер бар-жоғы 2% ғана салық төлесе, өзге облыстардағы дәл сол салада еңбек етіп жүрген азаматтар 6% мөлшерлемемен қазынаға қаржы құйып жүр екен. Ал осы тұста пысық азаматтар түрлі айла-тәсілдерге барып, салық арзан аймақтарға қарай кәсіптерін ауыстырып жатқан көрінеді. Біраз проблеманы тізбектеген Құрылтай депутаты аймақтарға ортақ салық мөлшерлемесін енгізу қажет екенін жеткізді.

ДӘУРЕН АХМЕТЖАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бірдей қызметпен айналысатын кәсіпкерлердің салық жүктемесі тек жұмыс істейтін аумағына байланысты әртүрлі болмауы тиіс. Бұл мәселе ауылдық жерлер мен шағын қалалар үшін аса маңызды. Басқа өңірлерде салық төмен болса, кәсіпкерлер бизнесін сол жерге көшіруі мүмкін. Яғни ол бизнесті дамытуға қолайлы жерді емес, салық аз төлейтін жерді таңдайды.

← Все новости