Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Қызылордада жаңа емхана салынуда

Келер жылдан бастап алып құрылыс алаңына айналатын Қазақстанда қазірдің өзінде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – Қызылорда облысы. Биыл өңірде жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын 63 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында 400 орынға арналған жаңа емхана да бар. Медициналық мекеме жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Титов шағын ауданында жаңа емхана бой көтеріп келеді. Келешекте күніне төрт жүз адамды қабылдайтын медициналық мекеменің құрылысы былтыр басталған. Жобаның құны – 9 миллиард 800 миллион теңге. Бүгінде нысанның алпыс пайыздан астамы дайын. Заманауи құралдармен жабдықталатын орталық алдағы уақытта жергілікті тұрғындар үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетпек.

АЙБЕК ӨТЕГЕН, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Бұл нысанда қазір 180 адам жұмыс істеп жатыр. Монолиттік, сыртқы жұмыстар толығымен біткен. Қазіргі таңда сыртқы әрлеу жұмысы мен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 2026 жылдың желтоқсан айының соңында тапсырамыз.

Бұл нысан — жергілікті жұрт үшін өте маңызды. Өйткені қазіргі таңда тұрғындар ескі ғимаратта емделіп жүр. Ал өзге ауруханаларға бару үшін уақыт жоғалтып, біраз жол жүруге мәжбүр. Жаңа медициналық орталық іске қосылғанда дәрігерге қаралу әлдеқайда жеңілдеп, халыққа қолайлы болмақ.

АЙГҮЛ РАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осындай құрылыс бой көтеріп, қарқынды жүріп жатыр. Күнделікті өзіміз көріп, қуанып отырмыз. Тезірек халықтың игілігіне пайдаланатын құрылыс болып, емхана болып тезірек берсе деп тілейміз. Біз өте қуаныштымыз!

Бүгінде Сыр өңірінде әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алып келеді. Денсаулық сақтау мекемелерімен қатар білім ошақтары, спорт және мәдениет кешендері бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ инженерлік жүйелерді жаңғыртуға да басымдық берілген. Мамандардың сөзінше, биылғы құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

АЙДЫН ӘНУАР, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, осы Қызылорда қаласында 34,4 млрд-қа драма театрының құрылысы жүргізілуде. Екінші тапсырмаға сәйкес 600 мың кітап қорын сақтауға арналған кітапхана құрылысы қазіргі таңда қарқынды жүруде. Жалпы құрылыс саласы осы тоғыз айдың қорытындысымен 2025-пен салыстырғанда 131 пайызға артып отыр.

Мұндай әлеуметтік нысандардың көбеюі халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Жаңа ғимараттар ел игілігіне берілген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы, заманауи орталықтар халықтың әл-ауқатын арттырып, шаһардың өркендеуіне жаңа серпін бермек.

← Все новости