Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі ерекше балаларға арналған тың құрылғы ойлап тапты. Электронды тренажёр математика пәнін бірнеше тәсіл арқылы меңгеруге көмектеседі. Яғни оқушы сандарды көріп қана қоймай, оларды түрлі әрекет арқылы танып, қарапайым есептерді шығаруды үйренеді. Өнертапқыш Берік Аманжолдың айтуынша, жаңа құралдың пайда болуына сабақ үстіндегі қиындықтар себеп болыпты. Өйткені ерекше білім беруді қажет ететін кейбір жеткіншектер цифрларды ажыратып, қарапайым арифметикалық амалдарды түсінуде қиналады. Ізденімпаз ұстаздың арқасында енді математика сабағы интерактивті ойын түрінде өтеді.
БЕРІК АМАНЖОЛ, ӨНЕРТАПҚЫШ ҰСТАЗ:
Құрылғының басты ерекшелігі – сандардың үш өлшемді форматта жасалуы. Оқушы оларды қолымен ұстап, орындарын ауыстыра алады. Тіпті қосу мен бөлу амалдарын да іс жүзінде орындап көреді. Осылайша, балалардың қызығушылығын арттыруды, математикалық ережелерді тәжірибеде қолдануын және бір іске зейін қою қабілетін дамытудамыз. Ең бастысы, әр тапсырма саусақпен сезіну арқылы орындалады. Бұл баланың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, миындағы нейрондық байланыстардың қалыптасуына да ықпал етеді.
Сондай-ақ құрылғы оқушыға әр әрекетті дауыстап түсіндіріп, экраннан қажет кеңестерді көрсетеді. Мұғалімнің айтуынша, жаңа тәсілдің арқасында балалардың сабаққа қызығушылығы артып, тапсырмаға зейін қоюы жақсарған.