Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Астананы әнге бөледі

Өнер сапарымен бас қалада жүрген батысқазақстандық мәдениет өкілдері бір апта бойы Астананы әнге бөледі. Кешегі қорытынды концертке көрермен сыймай, өнерге сусаған халық бір серпіліп қалды. Мұхит мектебінің төкпе әндерін шырқағанда делебесі қозған ел-жұрт қиқулап, әншілерге шалқар шабыт берді. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдығына арналған концерттік бағдарлама Алматыда бастау алып, Арқа төрінде өз мәресіне жетті.

МЕДХАТ ҚАМБЕТОВ, БҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұл жерде айта кететініміз, дәстүрлі ән өнері, қазақтың би өнері, күй құдіреті насихатталып отыр. Халықтың келуі осы жерде өте көңіл қуантады. Өйткені лық толы зал, аншлаг болып тұрғанына біз өте қуаныштымыз. Бұл жерде Астана қаласының тұрғындары, сонымен қоса, өзіміздің батысқазақстандық жерлестеріміз келіп, қолдау көрсетіп отыр.

Төрт күнге созылған мәдени іс-шараға Бауыржан Халиолла жетекшілік ететін ұжымнан 200-ге жуық өнерпаз атсалысты. Жайықтан жеткен ән мен жырдың керуеніне қолдау көрсетуге зиялы қауым да келіпті.

СӘУЛЕ ТАУДАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ:

Бірге ілесіп, шашбауын көтеріп келген қаншама өнер адамдары бармыз. Осыларды қолдап, қошеметтеп келіп жатырмыз. Концерттер өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Халық өте риза болып жатыр. Қол соғып, үлкен қошеметпен қарсы алып жатыр. Өнер ұжымына «Асқақтай берсін!» деймін. Шығармашылық табыс тілеймін! Астана мен Алматы қаласының көрермендеріне зор ризашылығымызды білдіреміз.

← Все новости