Перейти к содержимому
· 23 просмотра

Криштиану Роналду ұлттық құрамадан неге кетті?

Футбол әлемінде тұтас бір дәуір аяқталды. Әлемге әйгілі Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансабына нүкте қойды. 41 жастағы сұрмерген қараша айындағы халықаралық ойындардан кейін 7-нөмірлі жейдесін елге қайтаратынын мәлімдеді. Айта кетейік, Роналду құрама капитаны ретінде 2016 жылы Еуропа чемпионатында ел тарихындағы тұңғыш ірі жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Португалияны 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасының кубогында жеңіске жеткізген еді.

КРИШТИАНУ РОНАЛДУ, ФУТБОЛШЫ, 5 ДҮРКІН «АЛТЫН ДОП» МАРАПАТЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

Португалия құрамасының 7-нөмірлі жейдесін кию мен үшін үлкен мақтаныш. Португалия әрдайым жүрегімнің бір бөлшегі болып қала бермек. Қош болыңыздар!

Криштиану Роналду ұлттық құрама сапында 234 матч өткізіп, қарсылас қақпасына 146 гол соқты. Ол ойын саны мен соғылған голдар бойынша абсолютті рекордсмен. Ұлттық құрамадан кетуіне жаңа бапкер Жорже Жезушпен арада болған дау әсер етті. Әлемдік футбол жұлдыздары мен португал халқы аңыз аяқдоп шеберімен қимай қоштасып жатыр.

ГУСТАВО АГИАР, ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРІ:

Төбеден жай түскендей әсер етеді. Мен 24 жастамын. Ес білгелі Роналдудың ойынын көріп келемін. Ол ұлттық құрамада мәңгілік ойнайтындай көрінетін. Дегенмен, спорттық мансап ертелі-кеш аяқталады. Роналдудың өзі де мұны жақсы біледі.

РАФАЭЛЬ РОЧА, ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРІ:

Бұл жаңалықты естігенде көңілім түсіп кетті. Эйсебиуден кейін Криштиану Португалияның ең ұлы футболшысы деуге болады. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері болып Жорже Жезуш тағайындалғаннан кейін жағдай өзгерді. Өкінішке қарай, футболда мұндай жағдайлар болып тұрады.

«Алтын доптың» 5 дүркін иегері футбол мансабында 1000 гол соққан алғашқы ойыншы атануы мүмкін. Роналдуға енді 15 доп соқса жеткілікті. Бұл межені бағындырса, ол тарихқа тағы бір рекордты қашап тұрып жазып кетпек.

← Все новости