Перейти к содержимому
· 21 просмотр

Ауылдағы миллионерлер

Ауылдағылардың тірлігі қазір төрт түлікке тіреліп қалған жоқ. Қорасында малы болмаса да, ауласында бизнесі барлардың қатары көбейді. Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауында ауылдағы шаруаларға инвестиция бөліп, жеңілдетілген несиелердің санын көбейтуді тапсырған еді. Салаға жауаптылар қазір бұл бағытта сан жобаның тетіктерін қарастырып жатқаны анық. Бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламамен миллиондарды санап алып, кәсіп бастағандардың мұрты майланып тұр. Бірі бағасы қымбат құлпынай егеді, енді бірі ағаштан түйін түйіп, өзінің күйін жасап жүр. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасының ағайынға септігі мол.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Ауылдың ажары – еңбекте, берекесі – кәсіпте! Бүгінде ауыл тұрғындары мемлекет ұсынған жеңілдетілген несиенің мүмкіндігін тиімді пайдаланып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бастапқы жылдары көпшілік төрт-түліктің төңірегінде тірлік етсе, қазір кәсіптің түрі көбейген. Бірі қызмет көрсетіп, бірі өнім өңдеп, енді бірі өндіріс орындарын ашып жатыр.

Кәсіптің көзін тауып, отбасылық бизнесті дөңгелетіп отырғандардың бірі – Гүлнәр Елеусізова. Бағдарлама туралы 2 жыл бұрын естіп, бизнес-жоспар әзірлепті. Көп ұзамай 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, іске кіріседі. Алғашында жолдасы екеуі ауладан шағын жылыжай ашқан, кейін көршісінің жерін сатып алып, кәсібін кеңейтуге бел буады. Осылайша, шағын бастама үлкен іске ұласқан.

ГҮЛНӘР ЕЛЕУСІЗОВА, КӘСІПКЕР:

Осы идея, бизнесті ашу менің жолдасымның идеясы. Осындай көрейікші деп. Бізге одобрение берсе, онда жылыжай саламыз деді. «Ауыл аманаты» бойынша бізге 6 млн 860 мың теңге берілді. 5 жылға кредит. Біздің жылыжайымыз отбасылық кәсібіміз. Жолдасым производства жағын реттейді, бәрін қадағалап жүреді. Атам температурасын тексереді. Күндіз-түні бәрін ерінбей қадағалайды.

Кейіпкеріміз сияқты кәсіпкер атанғыңыз келсе, мұқият тыңдаңыз. Алдымен бизнес-жоспарды әзірлеп, әкімдікке немесе аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барасыз. Мамандар жобаңыздың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді. Одан кейін, қажетті құжаттарды жинап, электрондық өтінім тапсыру қажет.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Өтініш берудің жолы да қарапайым. Алдымен amanatnesie.kz платформасына кіріп, бизнес-жобаңызды енгізесіз. Одан кейін, электрондыққ қолтаңба, яғни ЭЦҚ арқылы жеке басыңызды растап, өтінімді рәсімдейсіз. Алайда, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін бір маңызды талап бар.

ДАРХАН ӘДІЛБЕКОВ, ҚР ҰЭМ ӨҢІРЛІК ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Несие алушыда міндетті түрде кепіл болуы керек. Одан бөлек биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа инструменті енгіздік. Ол «Даму» қорының кепілдендіру құралы. Егер бір қатысушының кепілі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры арқылы мемлекет тарапынан кепіл алуға мүмкіндіктері бар.

Бағдарламаның басты артықшылығы – жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлеме. Қызмет көрсету, сауда сияқты ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларға несие 5 жылға дейін беріледі. Ал мал өсіру, егін егу, сүт және ет өнімдерін өңдеу секілді бағыттарға 7 жылға дейін қаржы қарастырылған. Жеке кәсіпкерлерге 10 миллион теңгеге дейін, ал кооперативтер үшін 34 миллионнан аса кредит беріледі.

ЖЫЛДЫҚ НЕСИЕ 2,5%.

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, САУДА-САТТЫҚ – 5 ЖЫЛ.

МАЛ ӨСІРУ, ЕГІН ЕГУ, СҮТ ЖӘНЕ ЕТ ӨНІМДЕРІН ӨҢДЕУ – 7 ЖЫЛ.

ЖЕКЕ КӘСІПКЕР 2500 АЕК → ₸10 812 500.

КООПЕРАТИВТЕР 8 000 АЕК → ₸34 600 000.

ДАРХАН ӘДІЛБЕКОВ, ҚР ҰЭМ ӨҢІРЛІК ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Егер де 2,5 жылда толық өзінің кәсібі жақсы жүріп, алдын ала алған несиесін жауып тастаса, стимулирование ретінде 8000 МРП-ға дейін қайта қаржыландыру тетігі қарастырылған. Жыл сайын бюджет заңнамасына сәйкес, облыс қажеттілігін анықтайды өңірге, қанша қаражат қажеттігін. Бюджет заңнамасына сәйкес, өтінім жолдап, қарастырып, тиісті есептер жүргізіп, қажет қаражатты растап береміз.

Ал кәсіптен хабарыңыз болмаса, «Атамекен» палатасының көмегіне жүгіне аласыз. Мамандар бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, қажетті құжаттарды рәсімдеуге дейін бағыт-бағдар береді.

НҰҒМАН ЖҰЛДЫЗБАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Кез келген аудандық филиалдарда да сол жердің менеджерлері ақпараттық консультациялық қызметтер көрсетеді. Несиені қалай алу керек, қандай шарттары бар, бизнес-жоспарды қалай әзірлеу керек, тіпті, инвестициялық шығындарды қалай есептеу керек, қаржы жағынан, мысалы сервистік қолдауда бизнес-жоспарды жасауға, салық есептілігін жасауға барлығына осы «Атамекен» ұлттық палатасының өңірлік филиалдары жәрдем береді. Кәсіпкерлік көмек көрсету орталығына немесе 1432 байланыс нөміріне хабарласып білуге болады.

Мамандардың айтуынша, кәсіп бастамас бұрын әр өңірдің сұранысын саралап алған жөн. Өйткені, жұртқа қажет дүниені өндіру – табысты істің басты кепілі. Яғни, тек қаржы алып қана қоймай, нарықтың талабын да ескерген маңызды.

РАХИМА ЖАМБЫЛОВА, «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Бір ауылда мысалға пластик заттарды өндіруге немесе қоқыстарды өңдеуге сұраныс жоғары шығар. Соған байланысты. Мысалы, жері қатты жерге барып, егін ек деп айта алмайсыздар сол сияқты. Кейбір ауылдарға мал өсіру қажет болып жатса, бір ауылдарға егін егумен айналысуды қажет етеді. Қандай затты ауыл қажет етеді, сол ауылдың қажеттілігін көбірек өндіресіз сол заттарға мақұлдау көбірек береді.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Биыл бағдарламаға 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. Оның шамамен 60 миллиарды 600-ге жуық кооперативті қолдауға жоспарланған. Айта кетейік, жеңілдетілген несиені жеке қажеттілікке, қарыз өтеуге немесе баспана сатып алуға жұмсауға болмайды. Қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны анықталса, оны мемлекетке толық қайтаруға тура келеді.

← Все новости