Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 8 просмотров

Ғылымға бөлінген миллиардтар қайда?

«Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырған Абайдың сөзін басқаша түсініп жүрген жоқпыз ба? Ғылымның жетістігімен ғана емес, оған бөлінген қаржының көлемімен мақтанатын заманға жеткендейміз. Соңғы үш жылдары салаға бөлінетін қаражат екі есеге артыпты. Бірақ нәтиже көңіл көншіте ме? Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру кезінде 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталып, тағы 47 миллиард теңгенің тиімсіз жоспарланып, жұмсалғаны белгілі болды. Сонда қыруар қаражат қайда кетіп жатыр? Миллиардтардың қайтарымы бар ма?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Жоғары аудиторлық палата төрағасы нөлі көп, бірақ нәтижесі күмәнді қаржыны жіпке тізіп, есеп-қисапты жайып салды. Қазір ғылымның бюджетке тәуелділігі артып барады, — дейді Әлихан Смайылов. Мәселен, соңғы жылдары саланы қаржыландыру көлемі 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге дейін өсіпті. Дегенмен, көрсеткіш көңіл көншітпейді.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауаптыларға қатысты шаралар қабылданған. Аудит қорытындысымен 37,8 миллиард теңге қалпына келтіріліп, тағы 19,1 миллион теңге мемлекетке қайтарылыпты. Ал 36 материал әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін тиісті органдарға жолданды, — дейді палата өкілдері.

НҰРЛАН НҰРЖАНОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Аудиттің жүргізілуі барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражат 2027 жылдың бірінші тоқсанында қалпына келеді деп күтіліп отыр. Өйткені бұл жерде тиісті объектілерге берілген нұсқамалардың орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс. Жауапкершілікке келетін болсақ, аудиттің қорытындысымен 2 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 тұлға қызметінен босатылды. 32 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қаралды.

Палата ұсынған деректер ғылыми жобалардың тиімділігін тұрақты қадағалау қажеттігін көрсетті. Министрлік енді әр бастаманы іске қоспас бұрын экономикалық сараптамадан өткізуді көздеп отыр. Ал ғылымға бөлінген қаржы нақты нәтижеге жұмыс істеуі үшін мониторинг тәртібі де күшейтілмек.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Былтыр ЖАП ұсынған 43 нұсқаулығы мен ұсыныстары көбінесе орындалды. Соның ішінде 3 үлкен заңға өзгеріс енгізілді. Қаржыландыру, мониторинг тәртібін нығайту үшін. Қылмыстық кодекске, сыбайлас жемқорлық заңына және ғылым-технология туралы заңға. Нақты мониторингке келер болсақ, бұрын жүргізілген, бірақ құзыреттілік белгіленбеген. Қазір өте маңызды шешімдер заңдармен бекітілді. Біріншіден, ұлттық ғылыми кеңестер үшін нақты қылмыстық жауапкершілік белгіленді.

Ғылымға бөлінген қаржының қайтарымы болуы үшін бақылаумен қатар, жауапкершілік те қатар жүруі керек. Осы орайда Құрылтай төрағасы, депутаттар ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, заңнаманы жетілдіру қажет, — дейді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Қ. Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында қазіргі заманның басты қуаты білім мен ғылымда, озық инновацияларда екенін атап өтті. Бұл еліміздің қазіргі даму кезеңінде айрықша маңызға ие. Бүгін біз ғылым саласын қаржыландырудың тиімділігі мәселесін жан-жақты талқыладық. Ендігі кезекте үкіметтегі әріптестеріміз ЖАП ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.

Айтпақшы, жиында ғылым нәтижелерін жүйелі түрде есепке алудағы олқылықтар да назардан тыс қалмады. Саланы цифрландыру деңгейінің төмендігі мемлекетке ғылыми жобаның қаржыландырылуынан бастап, оның нақты нәтижесі мен өндіріске енгізілуіне дейінгі процесті толық бақылауға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, жауаптылар саланы бақылау тетіктерін күшейтуге білек сыбана кіріспек.

← Все новости