Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 15 просмотров

13 пәтер мен 4 кәсіпкер шығынға батты

Ақтөбеде дәмханада болған жарылыстан 13 пәтер мен көршілес ғимараттағы 4 кәсіпкер шығынға батқан. Қазір апаттың неден болғанын анықтау үшін төтенше жағдайлар департаменті сараптама тағайындады. Ал дәмхана иесі техникалық тексерумен айналысатын компаниямен келісімшартқа отырып, өз тарапынан анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Материалдық шығынды содан кейін есептейді. Қалалық әкімдіктің айтуынша, жарылыс болған бірінші қабатта 8 пәтер мен 2 шағын кәсіпкердің кеңсесі болған. Кіреберісті қалпына келтіргенше, кейбір тұрғындар туыстарына кеткен.

АҚНҰР ҚАЗБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

4 бизнес иесіне зақым келді. Оларға техникалық тексеру мен материалдық шығынды өтеуге байланысты бағалау жұмыстары ұсынылды. Пәтер иелері өздеріне түрлі зақымдар келгенін айтты. Терезе сынып, есік дұрыс жабылмайды деді. Осы жарылыс болған меншік иесі оны өтеуге міндетті болып табылады. Ол қажетті материалдық шығынды өтеуге дайын екенін айтты.

Еске салайын, 13 қараша күні Ақтөбедегі бес қабатты үйге жапсарлас орналасқан тамақтану орнында жарылыс болған еді. Екі адам зардап шегіп, ауруханаға түсті. 19 жастағы жігіт әлі жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер жағдайы бірқалыпты екенін айтты. Төтенше жағдайлар департаменті апат газ баллонының жарылуынан емес, ғимаратта газ-ауа қоспасының жиналып қалуынан болуы мүмкін деген болжам жасады.

← Все новости