Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Кәсіпкерді атып кетті

Ақтөбеде кәсіпкерді атып кетті. Таңертең қаладағы ауқаттылар тұратын ауданда жеке үйдің ауласынан ер адамның мәйіті табылды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар оқ жарақатынан көз жұмған марқұмның жанармай құю станциясын басқарғанын жазыпты. Ал полицейлер тергеу мүддесіне сай оқиғаның мән-жайын ашып айтпады. Сол маңда тұратын бойжеткен таңғы сағат жеті жарымдар шамасында қару атылғанын естіген.

КУӘГЕР:

Таң атпай сағат жеті жарымдардың шамасында үш рет тарс еткен дыбысты анық естідім. Қару атылады-ау деген ой үш ұйықтасам ойыма да келмепті. Отшашу шығар деп ойладым, өйткені, біздің үйдің маңында отшашу жиі атылады. Бірақ таңертең отшашу ататын болған ба деп ойладым да қойдым. Жұмысқа келгенде әпкем көршіні атып кетіпті деп хабарласты. Қорыққанымнан жұмыстан сұранып, жалма-жан үйге жеттім. Балалар үшін қорықтым. Келсем, үй жақтың бәрін қоршап тастаған, полицейлер тұр екен. Келе сала ауланың есігі жабық па, қойма жақты бәрін мұқият тексердім. Өйткені кім біліпті, бір жерде тығылып отырса деп ойлап, қорқып қалдым. Марқұмды танымаймын, бұл жақта көршілер бір-бірімен етене жақын араласпайды.

Ер адамға оқ атқан кім екенін анықтау үшін тергеу және жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр. Қаланың шыға берісіндегі тас жолда полицейлердің көлігі, арнайы жасақ тұр. Тәртіп сақшылары маңайдың бәрін бақылауға алған. Облыстық полиция департаменті мұның бәрі күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру жұмыстары екенін мәлімдеді. Қылмыстық іс қозғалған.

← Все новости