Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Петропавлдағы «біртүрлі» баннер

Петропавлдың атқарушы билігі көшеге «біртүрлі» баннер ілеміз деп, күлкіге қалды.

Әсіресе, жұрт ондағы әйел мен ердің суретіне шүйлікті. Қызын жетектеген ата-ананы үш қолды етіп салып қойған. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген нақыл бар. Бірақ үш қолды әйелді елестетудің өзі біртүрлі деп жұрттың пікірі екіге жарылды.

Көп кешікпей бұл сынға қатысты қалалық әкімдік түсініктеме берді. Ақпараттық құрал тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жанына ілінген екен. Алайда қазір орнында жоқ, алып тастапты.

Алёна Хан, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы: «Негізі, бұл жерде қате кетті деудің еш жөні жоқ. Суретші бұл жерде іргесі берік шаңырақ, бір-біріне қорған болған отбасы деген түсінікті жеткізгісі келген. Бірақ оны әркім әрқилы түсініп, қоғам басқаша қабылдады. Сондықтан баннерді алып тастап, ауыстыруға шешім қабылданды».

Ақбаян Сұлтанмұрат

← Все новости