Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 8 просмотров

Құжаты жоқ үй, қажыған тұрғындар

Басыбайлы баспанасы болса да, онысына аса қуана қоймаған ағайын бар Астанада. Жаңа қонысқа көштік деп бастапқыда бөркін аспанға атқанымен, уақыт өте келе уайымы көбейген. Себебі мұндағы жұрт құжаттың сергелдеңіне түсіп, төзімі сарқылған. Төрт жылдан бері тынышы қашқан тұрғындар әкімдік пен үйдің арасында әрлі-берлі шапқылап әлек. Қателік кімнен кетті? Қарашаны жүгірткен құрылыс компаниясы ма, әлде жұмысын адал атқармаған атқамінерлер ме?

Разговор об этих участках: конкретно вы в акимате обещали до осени.

Шырылдап, шенеуніктерден жауап күткен жұрттың талабы біреу. Осыдан 4 жыл бұрын кілтін алған пәтердің құжатын қашан алатынын білмей дал. Айтуларынша, құрылысшы да, делдал алыпсатар да әу баста төрт-бес айдың ішінде барлығын табыстаймыз деп сендіріп келген екен.

ЗАЙНА КОРШИНОВА, ТҰРҒЫН:

Біз әлі күнге дейін құрылыс компаниясы қолымызға құжатты табыстайды деп сеніп келеміз. Бірақ бұның өзіне 4 жыл уақыт болды. Мердігер өкілі жаңа жылға дейін құжаттарыңызды табыстаймыз, қазір іс құзырлы органдарда, берешектердің барлығы өтелген соң мәселе шешіледі деп еді. Жаңа жыл да жақындады, алайда құжат үшін қимылдап жатқан бір жауаптыны көрмедік.

Құжаты жоқ үйлеріне тіркеуге тұра алмаған соң ел-жұрт баласын жан-жақтағы туыстарының үйіне есепке қойып, алыстағы мектепке баруға мәжбүр. Одан бөлек салынған ғимараттар құрылыс талаптарына сай емес. Өртке қарсы талап сақталмаған. Апат айтып келмейді, әлдебір пәтерде от тұтанса, тұрғындар шыға алмай қалуы мүмкін.

ТӨРЕЖАН АЛИПОВ, ТҰРҒЫН:

Ештеңе жоқ ни одного датчика, ни одной сигнализации. Ештеңе жоқ. Щит көрдіңіз ештеңе жоқ.

Кейбір пысықайлар құжаты реттелмеген үйді қолма-қол ақшаға сатып жатқан көрінеді. Мұны делдалдар да оңтайлы пайдаланып, екінші біреуге саудалап, жаңа қожайындар да осы торға шырмалып жатыр.

ҰЛПАН ЖҰМАБЕКОВА, ТҰРҒЫН:

Жылына неше рет осылай жиналып, есіктерін қағып, дауысымызды шығарып шырылдап, мына белсенділер бар, үйтіп жүрген жайымыз бар.Неше жылдап күтіп жүрміз.Шынымен де нарықтағы бағадан төмен адамдар сатып жатыр, амалсыздан. Ремонттарын жасап одан кейін сата алмай жаңағы үйдің айналасындағы мәселелер де көп.

Түсірілім кезінде жергілікті билік өкілдері де жинала қалды. Бірақ ләм-мим демеді. Сұхбат та бермеді. Тек түстен кейін қалалық құрылысқа жауапты мекеме жазбаша жауап жіберді.

«БАСҚАРУ-4» ТК:

Бүгінгі таңда компанияға қатысты қаланың коммуналдық қызметтерінің бастамасымен шектеулер қойылған. Осыған байланысты жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ жер учаскелерін «Басқару» ЖШС-не беру мүмкіндігі жоқ. Нысанды пайдалануға беру мәселесін шешу үшін құрылыс салушыға коммуналдық қызметтер алдындағы берешекті өтеп, қойылған шектеулердің алынуын қамтамасыз ету қажет.

Басқарманың берген дерегінен түсінгеніміз осы үйді салған құрылыс компаниясы қарызын өтемейінше баспананың құжаты берілмейді. Ал мәслихатқа депутат болуға үміттеніп жүрген кандидаттар, Құрылтайдағы депутаттар хабардар ма екен бұл мәселеден? Естісе, мүмкін, көмектесер…

← Все новости