Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 11 просмотров

Қорқынышқа айналған қызмет

Қыздар қазір көлік алуға асық. Ол бір жеке тұлпарым болсын, комфортқа көңілім толсын деген мақсат емес. Бұрымдылар таксиге мінуге қорқады. Тізгіншілер жол бойы тиісіп тынышын қашырады, есімін айтпаса басынады, нөмірін білуге асығады. Орынсыз сұрақ пен қисынсыз қырындаудан зәрезап болғандар автобусқа да мінген. Қоғамдық көлікте де оларға қол жүгіртіп, көз қысатындар көп. Қоғам да талай оқиғаның куәсі болды интернетте. Фобияға айналған әр сапардың сергелдеңінен қыз-келіншектерді қалай қорғаймыз? Таксопарктерге талапты күшейту керек пе?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Бұрын такси табудың өзі машақат еді. Диспетчерге қайта-қайта қоңырау шалып, сабылып жүріп шақыратынбыз. Кейде тіпті ол да келмей, амалсыздан жолда тоқтаған кез келген көлікке отыра салуға тура келеді. Ал қазір бәрі оңай. Жылы жерде отырып-ақ, бір батырмамен такси шақырасыз. Жүргізушінің аты-жөні, машинасы жайлы барлық дерегі көз алдыңызда. Бірақ қанша жерден технология дамыса да, сол баяғы қауіптің беті қайтпай тұр.

Сөзімізге дәлел – алматылық тұрғынның басынан өткен жағдайы. Ол жүзін көрсетпеуді сұрады. Айтуынша, әдеттегідей онлайн-сервис арқылы такси шақыртқан бойжеткен бұл жолы күтпеген жағдайға тап болған. Жүргізуші жол бойы орынсыз сұрақ қойып, жеке өміріне қол сұға бастапты. Мұнымен тоқтамай, ерсі әрекетке көшкен.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Андай сұрақтар қойып бастады. Сенің жігітің бар ма, бірге тұрасың ба. Жас сияқтысың кішкентай көрінесің деген сұрақтар қойып бастады. Мен сені давай қыдыртайын, тау жаққа апарайын өзіміз бірге қыдырайық таңға дейін деп сондай намектар етіп бастады. Сол кезде мен не істерімді білмей қалдым. Менің ойымда негізгі есікті ашып түсіп қалу болды.

Қатты үрейленген қыз амалы таусылып, ағасына хабарласқан. Көліктен әрең шығып үлгеріпті. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Жолаушының дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлық көрсеткен ауыр қылмыстар да тіркелген. Ал бейәдеп сөйлеп, балағаттау тіпті жиі кездеседі. Мәселен, осы аптада баласы көліктің ішін байқаусызда былғағаны үшін әйелді боқтап, күштеп түсіріп тастаған жүргізуші 7 тәулікке қамалды.

Соңғы уақытта қыз-келіншектердің жалғыз жүруге жүрексінетіні рас. Тіпті қауіптен сақтанып, таксиден бас тартып, қоғамдық көлікке ауысқандар бар. Дегенмен әдепсіз жүргізушілердің әрекетін жария етіп, жәбірленушілерге көмектесіп жүрген белсенділер де бар. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы осы мәселені қолға алып, зардап шеккендерге құқықтық әрі ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп келеді.

ҒАЛИЯ ТҮЗЕН, «ЖАҢА АДАМДАР» ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:

Бізде Қарағанды, Астанада бір индрайв ситуациясы бойынша 10-нан астам қыз жәбір көрген болатын бір таксистен. Ең алдымен біз бүкіл қыздармен бірге контакт жасап, олармен Астанада кездесіп, интервью алып, одан кейін барлығының заявлениесін жинап, сол кісінің атынан кәдімгідей іс қозғаған едік.

Расында, қазір көлігі бардың бәрі такси жүргізіп, оны қосымша я негізгі табыс көзіне айналдырды. Бірақ бұл салаға үстірт қарауға болмайды – әр жолаушының қауіпсіздігі үлкен жауапкершілік. Дегенмен мәселенің екінші қыры да бар: негізсіз айыптау мен жала жабу фактілері де кездеседі. Мәселен, 3 жыл бұрын Қостанай облысында әйел адам такси жүргізушісін «зорламақ болды» деп арнайы полицияға қоңырау шалғаны есте.

Кейін істің мән-жайы анықталып, келіншектің жалған ақпарат таратқаны анықталып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 15 жылдан бері адам тасумен айналысатын Жандарбек Бердешов бар кінәні тек жүргізушілерге арту дұрыс емес дейді. Оның сөзінше, кейбір жолаушылар да мәдениеттен жұрдай.

ЖАНДАРБЕК БЕРДЕШОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Жолаушыны күлдіру, көңілін көтеру, оған ұнау деген мәселе ол жүргізушінің міндетіне кірмейді. Мүлде болмайды десек те болады. Күніне бір немесе екі я болмаса аптасына 3-4 клиент осы Астанада мінездері теріс, телефонда отырып айқайлап сөйлеп отыратын, ұялы телефондарынан рилстарды қосып қойып жүргізушінің мазасын алатындар бар.

Өкініштісі, қазір көліктің ішінде кенеттен біреу тап берсе, басыңа төнген қауіптен қорғанатын ешқандай амал жоқ. Салонның ішінде не дабыл қағатын SOS батырмасы болмайды, не шұғыл хабар беретін тетік қарастырылмаған. Қуықтай жерден сытылып шығу қиын.

АҚГҮЛ ШАРИПОВА, ТАКСОПАРК БАСШЫСЫ:

Жолаушы тарапынан да, жүргізуші тарапынан да өмір қауіпсіздігіне кішкене жағдайлар жасалмаған. Ол әркім өз қара басына сол кезде тікелей жауапты екенін түсінеді. Сол жері қиындау бізде. Әйел жүргізушісі ретінде де біздерге түрлі еркектер мінеді. Ол, Алла сақтасын, артымызда кім отырғанын білмейміз ғой. Психологиялық ауытқуы бар кісі болуы мүмкін, басымыздан қойып қалуы мүмкін деген сияқты. Ондай жағдайда ешкім ештеңеден сақтандырылмаған.

Мұндай сын сәтте сақтық пен сабыр қажет. Қазір әйелдерді қатерлі жағдайда өз-өзін қорғауға баулитын арнайы сабақтар мен курстар ашылып жатыр. Спорт шебері күтпеген шабуыл кезінде абдырап қалмас үшін бірнеше қарапайым ережені атап өтті.

ВЕНЕРА ЖАҚСЫБАЕВА, ҚР СПОРТ ШЕБЕРІ:

Таксиге мінер алдында машинаның нөмірін, водительдің түрін қарап алу керек. Барлығы сәйкес келе ме? Өзінің жақындарына: анасына, әкесіне, жақын адамдарына геолокациясын жіберіп қойса және таксидің ішінде құлаққап тақпаса. Барлық болып жатқан ситуацияны бақылап отырса, қай жерге бара жатыр қалай отыр солай отырса дұрыс болады. Ер адамның күші ол ер адам. Бірақ тәсілдер арқылы босап шығып, өзінің өмірін құтқарып қалуға болады.

Жалпы, бұл салада күнделікті ортақ бақылау жоқ. Жүргізуші тапсырысқа шығар алдында міндетті медициналық тексеруден өтпейді. Ал таксопарктердің рөлі көбіне агрегаторларға жүргізуші тіркеу мен құжатты базадан өткізумен шектеледі. Сондықтан қызмет сапасын реттейтін негізгі тетік – жолаушының бағасы. Рейтинг күрт төмендесе, жүргізуші табысынан қағылуы мүмкін.

АҚГҮЛ ШАРИПОВА, ТАКСОПАРК БАСШЫСЫ:

Ол біздің оқушының күнделігі секілді әр жұлдыз басылған ол сол жүргізушіге берілетін мінездеме. Соның тарапынан қызметтік көтерілу дейміз оның да приоритеті деңгейі көтеріліп отырады немесе шағым көбірек болса соған орай түсіп отырады. Ал белгілі бір 150 тапсырманың көлемін жаңағы түсіп кеткен деңгейді көтеріп үлгермесе, онда ол бұғатталуы тағы бар.

Мәселенің нақты ауқымын білу үшін құзырлы органдарға ресми сауал жолдадық. Такси жүргізушілерінің қатысуымен тіркелген құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың жеке статистикасын сұрап, Ішкі істер министрлігіне жүгіндік. Ведомство мұндай деректерді бөлек жүргізбейтінін мәлімдеді. Ал бақылау мен талапты күшейту жөніндегі Көлік министрлігіне сауал жолдап едік, біздің құзырымызға жатпайды деп қайырды. Заңгердің пікірінше, бұл әлі де нақты реттелмеген, құқықтық олқылығы бар сала.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Тікелей такси қызметкерлерінің мәртебесін анықтайтын ешқандай бір заң жоқ. Яғни ол белгілі бір органмен нақты жүйеленбейді, яғни басқарылмайды. Не көлік министрі менің қарамағым деп айта алмайды не еңбек инспекциясы біздің қарамағымызға жатады деп айта алмаймын. Себебі бұл жерде такси агрегаторларында жұмыс істейтін жүргізушілер жалпылама такси қызметкерлері деп аталғанымен, олар жеке қызмет көрсетушілер. Азаматтық қарым-қатынас субъектілері болып табылады. Яғни олармен еңбек шарттары жасалмайды. Еңбек шарттары жасалмағаннан кейін оларға әрекет ету, оларды басқару, жұмыстарын жүйелейтін арнайы бір сала немесе заң жоқ.

Халықаралық тәжірибеге қарасақ, жолаушы тасымалына талап мүлде басқа. Мәселен, Германия мен Ұлыбританияда кез келген адам такси жүргізе алмайды: арнайы рұқсат алып, денсаулығы мен психологиялық жағдайын растауы тиіс. Жапония мен Оңтүстік Кореяда кәсіби емтихан тапсыру талабы бар. Яғни дамыған елдерде қауіпсіздік ережелері қатаң. Бұл мәселе қазір Құрылтайдың назарында. Заңнамалық нормаларды жетілдіріп, жауапкершілікті нақтылау мәселесі қаралып жатыр.

ДИДАРБЕК ДІЛДӘБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Еңбек министрлігінен жауапты азаматтар хабарға шығып қазір жаңа заң нормасын қабылдап жатқанына байланысты айтып өткен болатын. Қазіргі таңда осы такси қызметі бар, курьерлік қызметке қатысты жетіспеушілік мәселелері толыққанды қаралатын болады. Сол жерде бірінші кезекте осы еңбек министрлігі Ішкі министрлігі заңның шегінде неге жауапты болады еңбек министрлігі неге жауапты болады транспорт министрлігі неге жауапты болады деген секілді бағыттарға байланысты ашып көрсетеміз деген сияқты қазіргі таңда айтып отыр.

Көріп отырғанымыздай, бүгінде такси салонында екі тарап та қорғансыз. Бірі жолға шығып, аман-есен діттеген жеріне жетуді ойлайды, екіншісі күнделікті нәпақасын табамын деп жүріп, негізсіз жала мен қатерге тап болғысы келмейді. Ал ортада бұл саланы нақты реттейтін тетік жоқ. Сондықтан жауапты министрліктер мәселені бір-біріне сілтемей, заңнамалық олқылықты тез арада жоюы тиіс. Өйткені әрбір адамның қауіпсіздігі смартфондағы бір ғана батырма мен рейтингке тәуелді болмауы керек.

← Все новости