Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 5 просмотров

Димаштың Латын Америкасына сапары жалғасуда

Димаштың ернінен сүйген кім? Сары шашты қызды желідегі жұрттың бәрі жүндей түтіп жатыр. Мексикадағы концертінде ән айтып тұрған жерінен әншіні бір бойжеткен күштеп тұрып шөлп еткізген. Әлемдік жұлдыз басын қанша тартып алғысы келсе де, мойнынан қапсыра құшақтап алған қыз өз дегеніне жетті. Бірақ еркінен тыс жеке шекарасын кесіп өткені өнерпазға ұнаған жоқ.

Әлемдік сапарын Польшадан бастаған мега-жұлдызды жергілікті халық нан мен тұз беріп, қарсы алды. Ал Краков қаласындағы концертте «Поляк хоры» әншіге ерекше тосынсый жасап, қазақ тілінде ән шырқады. Оған Димаштың анасы Светлана Айтбаева да қосыла кетті. «Поляк хорынан» колумбиялықтар да қалыс қалмады. Богота қаласында өткен концертте олар әртіспен бірге «Ұмытылмас күн» әнін шырқап, көпшілікті сүйсінтті. Ал Германиядағы жауын мен желге қарамастан Димашты көруге асыққан жұрттың қарасы қалың. Біртуар талантымыз өзінен қолтаңба алғысы келгендердің меселін қайтармады.

Уақыт белдеуінің жиі ауысуы мен концерттердің көптігіне қарамастан миллиондардың сүйіктісі әр елдегі тыңдармандарына ерекше көңіл бөліп жүр. Қай қалаға барса да онымен кездескісі келетіндердің санында шек жоқ. Тіпті Мексикада Димаш мінген көлік қалың жұрттың ортасында қалды. Ал Мехикода өткен концерт мүлде күтпеген жағдаймен есте қалды. Әнші «Мені қатты сүй» атты туындыны орындап жатқанда қызуқанды бойжеткен оның ернінен сүйіп алды. Мексикалық фанат әнді тура мағынасында түсінді ме, әлде сезімге ерік берді ме, ол жағы белгісіз.

Мексикалықтар сахна жұлдызына деген ыстық ықыластарын тек қошеметпен ғана білдіріп қоймады. Олар өнер иесіне бокстың құрметті белбеуін сыйға тартты. Одан бөлек, Монтеррей қаласында оған арнап мурал салыпты. Бір қызығы, қабырғада Димаштың бейнесімен қатар жергілікті тау мен еліміздің көк туындағы алтын күн бейнеленген. Өнерпаздың бұл жолғы гастрольдік сапарында жаңа бағдарлама мен бұрын концерт бермеген елдер қамтылған. Сол себепті турне Димаш үшін шығармашылығының жаңа қырларын танытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ отандасымыздың өнерін әлемдік музыка индустриясының майталмандары да жоғары бағалап отыр.

УОЛТЕР АФАНАСЬЕВ, ПРОДЮСЕР, «ГРЭММИ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ИЕГЕРІ:

Менің ойымша, қазір Димаш Майкл Джексоннан танымал секілді. Стадиондарда өтетін барлық концерттеріне билеттер толықтай сатылып кеткен. Оның алты октавалық диапазоны бар. Димаш – мен тыңдаған ең үздік әнші. Онымен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырғанына сондай қуаныштымын.

Одан бөлек, Чилиде де әлемдік жұлдызды ерекше ықыласпен қарсы алды. Тіпті ұшақ қонған сәтте әуе кемесінің ұшқышы әнші мен оның командасына құттықтау сөзін арнапты. Ал гастрольдік сапар мұнымен аяқталған жоқ. Келесі кезекте Перу елінің астанасы Лима қаласы. Ондағы концерт 1 желтоқсанға жоспарланған.

← Все новости