Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 16 просмотров

Зейнетақыны қалай ерте алуға болады?

Елімізде зейнет жасына жетпей «пенсия» алып отырғандар бар. Әңгіме бұқара біле бермейтін зейнетақы аннуитеті деп аталған қызмет жайлы. Өмір бойы өлермен боп жұмыс істеп, шотына ай сайын аударылған ақшаны алпыстан асып барып алмай-ақ, қазірден бастап БЖЗҚ қорындағы қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі берілген. Бірақ ауызбен айтуға оңай, оның да өз талаптары бар.

Ел аузында жүрген бағдарламаны жік-жігімен түсіндірейін. Зейнетақы аннуитеті – зейнет жасына жетпей-ақ ай сайын тұрақты төлем алудың жолы. Ол былай жұмыс істейді: сіз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағыңызды өмірді сақтандыру компаниясына аударасыз. Ал олар сізге өмір бойы ай сайын ақша төлеп тұруға міндеттеледі. Бұл бағдарлама елімізде 2003 жылдан бері қолданыста. Басты талап – қорда жинақ жеткілікті болуы керек. 2026 жылы қаражатты ерлер 55, әйелдер 53 жастан бастап ала алады. Ал 45 жастан бастап шартты алдын ала жасап қойып, төлемді кейінірек алуға да болады. Осы бағдарламаны зерттеп, жылдар бойы жинаған ақшасын сақтандыру компаниясына аударғандардың бірі – қала тұрғыны Нұрлан Оразғалиев. Ол бұл шешім арқылы зейнетақы төлемін ертерек алуға мүмкіндік туғанын айтады.

НҰРЛАН ОРАЗҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы, мен қазір 47 жастамын. Содан есептегенде 55 жас 8 жылдан кейін мен 63 жасты күтпей 71 мың теңгені ала беремін. Оның бір артықшылығы осында. Ең үлкен артықшылығы пенсионка босады. Зейнетақы қорындағы ақшаны өз қалауымша пайдалана беретін болдым. Объективті түрде айтайын 8 жылдан кейін 71 мың теңге қаншалықты көп, аз болатын білмеймін.

Хош, 8 жылдан кейін теңгенің әлеуеті қандай болатынын Ұлттық банк реттей жатар. Бірақ жылдар бойы маңдай терінің бір бөлігін келешегі үшін аударған адамға әрбір тиын маңызды.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Енді нақты сандарға көшсек. Мәселен, 53 жастағы әйелдің зейнетақы аннуитетін рәсімдеуі үшін қорда кемінде 13 миллион 180 мың теңге болуы керек. Осы ақшаны сақтандыру компаниясына аударса, шамамен 6 пайыздық есеппен 790 мың теңге біржолғы бонус алады. Ал ай сайынғы төлем 35 мың 596 теңгеден басталып, жыл сайын 8 пайызға өседі. Сегіз жылдан кейін, 61 жасында ай сайын шамамен 66 мың теңге алады. Бұған мемлекеттік зейнетақысы тағы қосылады. Ал сақтандыру төлемі өмір бойы жалғасады.

АСЫЛ АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Негізгі фишкасы ЕНПФ-тің порогын алып тастау. Порогты алып тастағаннан кейін сіз ары қарай жұмыс жасай бересіз. Өзіңіздің жұмыс жасағаннан кейін түскен ақшаңызды өз қалауыңызша мақсатты түрде қолдана аласыз. Бірінші алғашқы жарна ретінде үй алуға Отбасы банктің депозитіне жинап үй алу мақсатында қолданасыз, екінші дәл қазір бар ипотекаңыз болса соны жабуға қолдануға болады.

Сарапшылар мақтаған, компаниялар қоштаған бағдарлама жайлы қарапайым халықтың пікірін білдік.

САУАЛНАМАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Естуім бар, бірақ әлі ойланып жатырмыз. Жалпы енді ойымыз бар. Ауыстырып қалуымыз мүмкін.

САУАЛНАМАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Жалпылама енді өмір бақи әкемнің жинап келе жатқан қоры бар. Бірақ сақтандыруға өткізу үшін оған ешқандай кепілдік ете алмаймыз. Өйткені әкем үшін өзім уайымдаймын.

Тілдескен тұрғындардың көбі жылдар бойы жинаған қаражатты сақтандыру компаниясына аударуға секем алатындарын ашық айтты. Көпшілікті толғандырған сауалды компания өкіліне қойдық.

АЙНҰР БОЛАТҚЫЗЫ, ӨМІРДІ САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Қазақстанда бұл тәуекелді төмендету үшін арнайы механизм құрастырылған. Ол – сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры. Яғни бұл қор егер сақтандыру компаниясы жабылған уақытта ары қарай үздіксіз ай сайынғы төлемдердің берілуін қамтамасыз етіп отырады. Яғни сақтандыру компаниясының жабылуы тұтынушыға ешқандай әсер етпейді деген сөз.

Дегенмен шешім қабылдамас бұрын компанияның лицензиясы бар-жоғын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексерген жөн. Сондай-ақ БЖЗҚ сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторы арқылы қордан алатын ақшаны сақтандыру компаниясы ұсынған төлеммен салыстырып көруге болады. Ескеретін тағы бір жайт: аударылған қаражат сақтандыру компаниясының меншігіне өтеді. Шарт жасалғаннан кейінгі алғашқы екі жыл ішінде оны бұзуға да, өзгертуге де болмайды. Екі жылдан кейін де тек басқа компаниямен жаңа аннуитет шартын жасау арқылы ғана ауыса аласыз.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ, ТҰРАН-АСТАНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Бірінші кезекте аннуитеттің объектісі боп табылатын сақтандыру компанияларының жауапкершілігін көтеру керек. Екіншіден, азаматтар өздері де білу керек қаражаттарын қалай басқарған тиімді. Егер оған қысқа ғана уақытта тиімді болатын болса, онда оған аннуитеттен гөрі өзінің бұрынғы… Ал егер ұзақ мерзімді ақшам аз боп қалады, бітіп қалады секілді тәуекелдер болса, онда аннуитетке ауыстырған дұрыс.

Бейнеттің зейнетін көрер шақта тиімді ұсынысты таңдау маңызды. Сол үшін сақтандыру компанияларының шарттарын асықпай, аптықпай зерттеп, шешім қабылдаған абзал дейді мамандар.

← Все новости