Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 14 просмотров

Тәуелсіздіктің құрдасы – бүгіннің батыры

Осыдан екі күн бұрын Алматыда алапат өрт болып, бес адам қаза тапқан еді. Жер үйдегі қызыл жалын жалмағандар арасында бала да бар. Қаралы жайт күллі жұрттың қабырғасын қайыстырды. Әдетте біз тілсіз жаудың құрбандары жайлы көбірек айтамыз. Оттан құтқарылғандар туралы аз-кем ақпаратпен шектелеміз. Олардың қауіпті жерден қалай шығарылғаны және өрт сөндірушілердің өз міндетін қандай шеберлікпен орындағаны жайлы детальдар екінші планда қалып кетіп жатады. Ал бүгін осы қауіпті қызметтің жүгін арқалаған Тәуелсіздік құрдасы жайлы баяндауды жөн көрдік.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Олар – Тәуелсіздікпен бірге туған ұрпақ. Егемен елмен қатар өсіп, бүгінде ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Бірі – ұстаз, бірі – дәрігер, енді бірі – құтқарушы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жалынмен күресіп, қауіпке қарсы тұрып жүрген жан. Азат елмен бірге есейген жас маманның қызметі мен өмірлік ұстанымын бірге білейік.

Шақырту түскен бойда тас түйін дайын болып, оқиға орнына жылдам жету – басты міндет. Будақтаған қалың түтіннің арасына тайсалмай кіріп, тілсіз жаумен күнделікті өмірде бетпе-бет келетін жігіттер бұл. Адам өмірін құтқару үшін басын бәйгеге тігіп жүргендердің бірі – Әлішер Жүкенов. Ол 1991 жылы Әулиеата өңірінде дүниеге келген. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас кейіпкеріміз бала күнінен осы салада қызмет етуді армандапты.

ӘЛІШЕР ЖҮКЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ №23 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІСІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

Мен бала кезімде адам өмірін құтқару, адамдарға қол ұшын созу басты мақсатымның бірі болатын. Сол арманымды жүзеге асыру мақсатында осы салаға келдім. Әрбір шақырту бұл сынақ болады бізге. Әрбір шақыртуда барлық ойымыз сол ішінде адам бар ма екен, қаупі бар ма, егер адам болса, соларды құтқару сол өрт орнына жеткенге дейін, сол туралы ойлаймыз. Соны құтқарсақ, адамдардың дүние-мүлкін құтқарып қалсақ деген оймен барамыз өрт сөндіруге.

2011 жылы әскерден келген соң, Төтенше жағдайлар саласындағы еңбек жолын бастайды. Алғашқы күндерден-ақ қайсарлығымен көзге түсіп, көпке үлгі бола білген. Бүгінде жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп жүр.

АЙДОС БІЛІСБАЕВ, ӘРІПТЕСІ:

Өртке шыққанда қайсарлығымен, батылдығымен көзге танылды бізге. Өртте жеке құрамды алға сүйрейді, көмектеседі. Оның қызметтік стажы жоғары, сонымен бөліседі. Әлішер жұмыстан тыс уақытта спортпен айналысқанды жақсы көреді. Бізде бәріміз сменадан шыққаннан кейін бәріміз демаламыз. Сол кезде футболға шақырады.

Қауіп-қатерге толы қызметте бірлесе жұмыс істеу маңызды. Өйткені жалындаған өрттің ортасында жылдам әрекет ету керек. Осындай сәттерде үнемі көмек қолын созып жүретін Әлішердің батылдығына әріптестері тәнті.

ЕРЖАН АСҚАРБЕКОВ, ӘРІПТЕСІ:

Үлгілі әке, жақсы дос. Өрт кезінде бірге жұмыс істейміз. Жақсы көмектеседі, үлгі қоятын адамдардың бірі. Әлішерден үйренеріміз өте мол. Әлішерге қарап бәріміз тәлім аламыз. Әлішердің жолын қуып келе жатырмыз. Әлішердей батыр болу бізге де бұйырсын.

Қызметте үлгілі маман – отбасында қамқор жар, ардақты әке. Бүгінде жұбайы екеуі 4 ұл, 1 қызды тәрбиелеп отыр. Жұмыстан шаршап келсе де, бала-шағасына уақыт бөліп, жақындарының көңілін табуға тырысады екен.

МАДИНА БЕКЖІГІТ, ЖҰБАЙЫ:

Үйде де керемет жар, қамқор әке, жақсы бағалар едім. Жаңағы жұбай жағынан, әке жағынан. Қанша жерден шаршап келсе де, ұйқысы келіп тұрса да, сменадан келіп ұйықтай салу деген жоқ, бәрімізге көңілін бөліп, қыдыртатын жерімізге қыдыртып, барлық жағдайда қолдап, қасымызда жүреді.

Мадина жолдасының әрдайым тілеуін тілеп, қолдау көрсетіп келеді. Алайда әр кезекшілікке шығарып салған сайын алаңдайды. Әсіресе, қоңырауға жауап бермеген сәтте уайымдайтынын жасырмады.

МАДИНА БЕКЖІГІТ, ЖҰБАЙЫ:

Біздің асыраушымыз, қамқоршымыз. Әр сменаға кеткен сайын уайымдап, тіпті, звондаған кезде алмай қалса ұзақ уақыт қандай пожарға шықты екен, қандай пожар болып жатыр екен деп тілеуін тілеп, бар қолымыздан келетіні сол, тілеуін тілеп үйде отырамыз бала-шағамызбен. Әрине, уайымдайсың ғой. Уайымдаймыз.

Әлішер Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін балаларына үнемі айтып отырады. Азаттық жолында әр азамат тер төгіп, шама келгенше еңбек ету керек деген ұстанымда.

ӘЛІШЕР ЖҮКЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ №23 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІСІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

Тәуелсіздік күні әр жылдар сайын, келген сайын осы өзімнің туған күнім келгендей қарсы аламын. Өйткені Тәуелсіздіктің құрдасы болғаннан кейін, Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жатырмыз. Ата-бабаларымыз осы күнді аңсап өтті. Енді біздің мақсатымыз осы Тәуелсіздікті ары қарай тұғырлы, ары қарай дамуына үлес қосу.

Әлішер секілді мыңдаған маман қауіп-қатерге толы қызметтегі борышын адал атқарып жүргені рас. Сын сәтте көзсіз ерлікке баратын бұл жандарды бүгінгінің батыры десек артық болмас. Иә, тәуелсіздіктің құрдастары бүгінде 35 жаста. Олар өз саласының белді маманына айналып үлгерді.

← Все новости