Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Тағы бір әйел қатыгездіктің құрбаны болды!

Анамызды азаптап өлтірді. Жамбылда соққыдан көз жұмған әйелдің ұл-қыздары осылай дейді. Айтуларынша, азаматтық некедегі күйеуі бұлардың шешесін жиі жұдырық астына алған. Бұл жолы тіпті қатты кетіп, қатыгездікпен есінен тандырыпты. Комаға түскен келіншек есін жимастан ауруханада жан тапсырды.

У нее череп вообще поменялся. Қолдары ужас, масқара.

Көз жасы көл болған бұрымды анасынан айырылғанына әлі де сенбейді. Шешесінің жансыз денесін көргеннен бері есін жия алмай жүр. Сынған тісі, көгерген көзі мен қанталаған денесі есіне түссе, жылай береді, жылай береді.

Сұмдық оқиға бұдан бірнеше күн бұрын болған. Милана Мазабекованың айтуынша, анасын азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі өзінің үйіне шақырып алып, жұдырық астына алған. Ауыр соққыдан келіншек сұлап түсіп, 10 сағаттай жерде жатып қалыпты. Жедел жәрдем әбден кеш шақырылған соң, 50 жастағы әйел бірден жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде есін жимастан жан тапсырған.

МИЛАНА МАЗАБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Біздің білуімізше, екінші куәгер бар. Анамызды көріп айтқан сияқты да куәгерге, «жедел жәрдем шақыр, мына әйел өліп бара жатыр» деп. Сөйтіп жедел жәрдем шақырып, апартып тастаған ауруханаға. Ол кезде ол комада жатқан екен.

Көзі әлсіз көретін күдікті бұған дейін өгей ұл-қыздарын ұрып-соққан екен. Қарашадай балалар полицейлерге хабарласқанымен әлгі ер адам мүгедектігін алға тартып, жазадан бірнеше рет құтылыпты. Тіпті полицейлер таяқ жегенімізді көріп, бірде-бір шара қолданғанын көрген емеспіз -дейді марқұмның қызы.

МИЛАНА МАЗАБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Екі ағамызды ұратын. Ол кезде 16, 20-да болатын. Мұрындарын сындыратын, ұратын, тепкілейтін. Ал ол кезде біз кішкентаймыз. 5 жасымда болған кезде біздің үйге келіп өмір сүретін. Қанша мәрте полиция шақырдық, олар бәрін көрген болатын. Алайда олар еш нәрсе істемеді.

Полиция департаментіндегілер 40 жастағы күдіктінің қолға түскенін хабарлады. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ГҮЛСАРА МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 40 жастағы ер адам ұсталып, қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті зерттеулер тағайындалды.

Марқұмның туыстары бұл іс те ұзаққа созыла ма деп қауіптеніп отыр. Өйткені олар қаскөйдің тағы да жазадан сытылып кетуінен қорқады. Ал қайғылы жағдайдан кейін бақандай бес бала анасыз қалды.

← Барлық жаңалықтар