«Әкемнің өлім аузында жатқанын бізге екі сағат өткеннен кейін ғана айтты». Ақтөбеде оттегі сақтайтын қоймадағы өрттен қайтыс болған марқұмның ұлы қылмыстық істің дұрыс тергелгенін талап етуде. Өйткені оқиғаның түсініксіз тұстары көп дейді.
Мынау қонған кереуеті, ағаш. Мынау қойма болғасын жерде өрт қауіпсіздігі сақталмаған деп ойлаймын. Өйткені ағаш, пластик міне толып тұрған. Осылардың бәрі өртенген ғой.
Марқұм Жандарбек Сатыбалдиев ауруханада 10 жылдан астам дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Зейнет жасына жетсе де, аурухана басшылығы бесаспап азаматтан айырылғысы келмей тағы бір жыл жұмыс істеуге қолқа салады. Өрт шыққанда ол оттегі сақтайтын қоймада кезекшілікте болған екен.
ҚАЗЫБЕК САТЫБАЛДИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ҰЛЫ:
95 пайыз күйік шалды. Алайда болған оқиғаны отбасымызға екі сағаттан кейін, яғни сағат 9-дар шамасында үйге келіп айтты. Егер БСМП-да осындай күйік шалған адамды 95 процент денесін, көмектесетін жағдай болмаса, неге осы жерде ұстап, бірден АМЦ-ға жібермейді. Үш сағат мында не үшін ұстайды? Допрос алу үшін ұстай ма, түсінбедім сол жағын. Неге өлім аузында жатқан әкемді дәрігерлер қинайды, фото, видео түсіріп телефонға, неге қинайды? Бұл отбасымызға келген үлкен қайғы болғандықтан құзырлы органдардан объективті тергеу жүргізіліп, кінәлілерді жазалауын сұраймын.
Марқұмның ұлының айтуынша, әкесі өмір мен өлім арасында қиналып жатқанда ауруханадағылар оған сұрақтар қойып, видеоға түсіріп, жауабын жазған. Көңіл айтуға келген аурухана өкілдері оны бізге көрсетті дейді. Бірақ қазір Қазыбектің қолында ол жазбалар жоқ. Сондықтан істің ақ-қарасын анықтарда тергеушілер осыған да назар аударса екен дейді. Ал ауруханадағылар біздің тарапымыздан ондай әрекет болған емес деп отыр.
АЗАМАТ ТҰРЫШЕВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол видеофиксация, жауаптар туралы білмеймін. Біз ондай жасаған жоқпыз. Мүмкін тергеу орындары шығар алған. Біздер ондай жоқ, өзіміздің сұрақтарымызды қоямыз: шағым бар ма… – Ол кісі сөйлеп жатты ма? Ес-тұсы болды ма? – Иә. 7:40-та түсті, содан кейін біздің реанимацияға жатқаннан кейін бүкіл дәрі-дәрмекпен, ем басталды. Екі сағаттан кейін басқа емдеу мекемесіне жібердік.
Арнайы құрылған комиссия оқиғаның себеп-салдарын әлі анықтап жатыр. Бүгін еңбек инспекциясынан келгендер емдеу мекемесінің өкілдерімен бірге оқиға болған аумақты қарады.
ЕРКЕБҰЛАН ОМАР, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына келіп көзбен шолу жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментіне инспекция тарапынан сұрау жібердік, қазір қорытындысын күтіп отырмыз. Әрі қарай жұмыстар жалғасып жатыр. Оқиға куәгерлерін, құжаттарды қараймыз.
Жәбірленушінің қорғаушысы өрттің нақты себебін айту әлі ерте. Тоқетерін білу үшін сот-медициналық және өрт-техникалық сараптамалардың қорытындысын күтеміз деді. Қоймадағы апаттан соң қылмыстық кодекстің өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша іс қозғалған.