Сыбайлас жемқорлық туралы хабарла да, 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы ал. Елімізде жең ұшынан жалғасқан қылмысты әшкерелегендерге төленетін қаржының шекті көлемі белгілі болды. Бұл мәліметті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі өз сайтында жариялады. Төлем мөлшері құқық бұзушылықтың санатына, пара сомасына немесе келтірілген залал көлеміне байланысты белгіленеді.
Мәселен, әкімшілік сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 129 750 теңге төленеді.
Ал сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағандар алатын сыйақы мөлшері қылмыстың ауырлығына қарай белгіленеді. Мәселен, онша ауыр емес қылмыс үшін 173 мың, ауырлығы орташа қылмыс үшін 216 мың, ауыр қылмысты әшкерелегендерге 302 мың, ал аса ауыр қылмыс үшін 432 мың теңге сыйақы беріледі.
Сыйақы мөлшері қылмыстың ауырлығына қарай:
онша ауыр емес – 40 АЕК немесе 173 000 теңге;
орташа ауыр – 50 АЕК немесе 216 250 теңге;
ауыр – 70 АЕК немесе 302 750 теңге;
аса ауыр – 100 АЕК немесе 432 500 теңге.
Егер пара сомасы немесе келтірілген залал 1 000 АЕК-тен, яғни 4 млн 325 мың теңгеден асса, сыйақы оның 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Мысалы, заңсыз сыйақы көлемі 50 млн теңге болса, хабарлаған азаматқа 5 млн беріледі. Ал әңгіме 200 млн теңге туралы болса, 20 млн алады. Бірақ белгіленген шектеуге сәйкес, өтініш берушіге 17,3 млн теңгеден артық қаржы аударылмайды. Сыйақы қылмыс сотта дәлелденіп, үкім күшіне енген соң ғана төленеді. Айта кетерлігі, жалған ақпарат бергендерге, жемқорлыққа өзі қатысы бар азаматтарға және қызметтік міндетіне мұндай қылмыстарды анықтау кіретін мамандарға ақша төленбейді.