Кейбір кісілерге 6 айға дейін жұмысқа бармай-ақ қоюға болады. Бірақ жалақысы үзілмейді, ай сайын ала береді. Бүгін Сенатта Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер талқыланды. Заң жобасына сәйкес, жұмыс істей жүріп білім алатын немесе ғылыммен айналысатын адамдарға арнайы демалыс берілмек. Бұл уақытты диссертация жазуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге немесе әскери резерв бағдарламасынан өтуге пайдалануға болады. Ең маңыздысы – осы кезеңде қызметкердің жұмыс орны мен лауазымы сақталып, орташа жалақысы төленеді. Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алатындар үшін жұмыс орны сақталғанымен, жалақы төлеу мәселесін жұмыс беруші өзі шешеді.