«Жүрдек пойыз кетті, саған қолым жетті» деп әндеткен астаналықтар бүгін қуанышты екені анық. Қызық көріп, вагондарға жарыса мінгесіп жатқандарды да көрдік. Тарихи күн деуге әбден болады. Ал енді бұқараның көбі станциялардың жұмысы, төлем жүйесі мен көрсетілетін өзге де қызметі жайлы біле бермейді. Сол үшін бас қала әкімдігі осы аптаның басында журналистерді жинап, бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Олардың арасында әріптесім Қуат Құдайберген де бар. Станциялардағы бүгінгі атмосфера мен жылдар бойы күткен рельстегі жанданған тірлік.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Елорда тұрғындары мен қонақтары алып бағаналардың үстінен ғана көріп жүрген пойыздар ақыры есігін айқара ашты. Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, бұл сәтті мүлт жібермей, алғашқы болып қаланы аралағысы келгендердің қарасы мол. Халық қандай әсер алғанын өздерінен сұрадық.
Жұрт риза, тіпті бұл айтулы шараға арнайы ұжыммен ат басын бұрғандар бар екен. Әндетіп, сапарды сәнді етіп кетіп барады. Елорданың сол жағалауын қақ бөліп, жыландай ирелеңдеген алып темір жол сақадай сай. Апта басында бұл іске жауаптылар журналистер мен блогерлерді жинап, арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Ұзақ күткеннен болар, камера ұстағандардың санында есеп жоқ. LRT желісімен алғашқы танысу әуежайдан басталды.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір ЛРТ-ның әуежай станциясындамыз. Бұл бекет жолаушыларға өте ыңғайлы етіп жасалған. Астанаға келген туристер немесе қала қонақтары ұшақтан түсе сала бірден ЛРТ-ға беттеп, қала орталығындағы діттеген жеріне кептеліссіз әрі жылдам жете алады.
Жолақы төлеу жүйесі бұқараны әуре-сарсаңға салмайды. Шектеу атымен жоқ. Қалағаныңызша төлеп кіре бересіз. Билет құны – 200 теңге.
АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Банктің кез келген картасымен төлеуге болады. QR код арқылы, Samsung Pay, Apple Pay және қолма-қол ақшамен төлеуге болады. Барлық төлем түрі бар.
Жалпы, ирелеңдеген темір жол бойында 18 бекет салынған. Станциялардың ішкі құрылысы мен дизайны ерекше стильде жасалғаны көрініп тұр. Ең басты ерекшелігі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін перрон жиектеріне арнайы шыны қоршаулар қойылған. Олар тек пойыз келген сәтте автоматты түрде ашылады.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Міне, ЛРТ пойызымен жүріп келеміз. Қаланың күннен күнге дамып келе жатқаны айқын көрініп тұр. Көз тартар әсем ғимараттар, заманауи нысандар елорданың келбетін одан әрі айшықтап тұр.
Жалпы, бұл жобада мыңнан астам адам еңбек етеді. Соның 300-ге жуығы шетелден алдырған «сен тұр, мен атайын» дейтін таптырмас кадр. Құрылыстан бөлек, қызметкерлердің киім киісіне де ерекше мән берілген. Бекеттен түскен бойда алдыңыздан қазақы нақышта киінген мамандар қарсы алады.
АЙЗАДА ӘЛІБЕКОВА, СТАНЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
Пассажирлерге жауап береміз, көрсетеміз, қалай ыңғайлы барып билет алуға болатынын түсіндіреміз. Содан кейін мүгедектерге көмектесеміз, орналасуға, жүруге бәрін көрсетіп жүреміз.
«Астана Арена» станциясында осы көлік жүйесінің болашағын айқындайтын ауқымды бас жоспар таныстырылды. Компания басшысы алдағы даму кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қызылмен – екінші кезек, көк – бірінші кезек. Қосшымен де жер үстімен жүре ме? Иә, жер үстімен жүреді, Қосшы жаққа. ЛРТ Қосшы қаласының ішіне кіре ме? Жоқ, басында кірмейді. Келешекте кіреді. Қазіргі жоба бойынша нақты қай жерге дейін барады? Ол анау бұрылысқа, Лесная Полянаның бұрылысында. Екінші кезек 26 км болады. Бірінші кезек 22 км. Екінші кезекте 20 станция болады, бірінші кезекте 18 станция.
Қаржыландыруда мәселе туындамаса, Қосшыға қарай пойыз келер жылдың аяғында жетеді, ал ескі вокзалға дейін ұзарту үшін кемінде үш жыл уақыт керек екен. Айтпақшы, төбемізде жүйткіп жүрген пойыздарды басқаратын орталық қайда десеңіз, ол әуежайға жақын маңда орналасқан. Заман талабына сай салынған депоның аумағы 17 гектарға жуықтайды. Бұл жай ғана кешен емес, бүкіл ЛРТ жүйесінің күретамыры. Нысан ішінде пойыздарды жуу орталығы, заманауи жөндеу цехтары мен қосалқы бөлшектер қоймасы түгел қамтылған. Ал жобаның негізгі бөлігі саналатын диспетчерлік орталықтың қайнаған жұмысы өз алдына бөлек.
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір, міне, ЛРТ-ның диспетчерлік орталығындамыз. Мұнда тұрған тақтада пойыздың жүріс-тұрысы, ахуалдың бар-жоғы түгел көрсетіліп тұрады. Осы отырған қызметкерлердің басым бөлігі Қытайға барып, арнайы курста білім алып келген.
БАҒДАТ СҮЙІН, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ:
Мына жерде мен жолаушылардың, составтың ішіндегі ауа температурасын қарап отырамын. Ыстық, жылу қажет болса, бізге машинистер хабарласады. Және де мынау бүкіл ішіндегі камераларын біз бақылап отырамыз. Яғни ішкі температураны түсіріп-көтеру сіздің мойныңызда ма? Иә, температурасына жауап береміз. Жарық жағы болсын, тағы қосымша жолаушылардың сыйымдылығы жағы болсын, келесі станцияға тоқтау жағы болсын, мысалы, адам көп болса, жаңағы біз интервалды тездетеміз.
Барлығы дайын, барлығы дұрыс. Тек жұртты мазалаған бір сұрақ бар. Маңайдағы «тұрғын үйлердің құны шарықтап, нарықтағы бағаны одан әрі аспандатып жібермей ме?» деген сауал туындайды. Компания басшысының айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай ірі инфрақұрылым салынған аймақтарда жылжымайтын мүлік бағасының өсуі қалыпты жағдай.
АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Мен бұған дейін ЛРТ дамыған қалаларды аралағанымды айтқан болатынмын. Бұл – экономиканың заңы: метро немесе ЛРТ бар жерде жылжымайтын мүлік бағасы бірден өседі. Мысалы, Қытайда бір компания бар: олар ЛРТ-ны құла түзге, иен далаға салады да, кейін оның айналасындағы жер учаскелерін қымбатқа саудалайды.
Тағы бір түйткіл – пойыздың гүрсілі мен шуы. Қытайлық мердігер компания дыбысты барынша бәсеңдетіп, шуды азайту үшін қолдан келгеннің бәрін істесе де, халықтың бір назы бар. Талай баспананың қыр-сырын білетін сарапшының сөзінше, көлік желісіне дәл қарама-қарсы, яғни бірінші қатарда тұрған тұрғын үйлердің бағасы өзгеруі мүмкін екен.
АҚСҰЛТАН НАҚЫПОВ, РИЕЛТОР:
Терезені ашқан кезде, әлбетте, дауысы шығып жатыр. Өйткені күндізгі уақытта терезені ашып қойып, демалатын уақыттарда дауысы шығады екен. Әлбетте, ол алдағы уақытта бағасы тұрып жатқан адамға зиянын тигізеді. Көліктердің дауысымен ЛРТ дауысы бірдей болғанымен, тұспа-тұс тұрған 5-6-7-қабаттағы пәтерлер онша қатты сұраныста болмайды.
Бұл желі тек баспана нарығына емес, көші-қон мен көлік саны артқан шаһар тынысына да әсер етпек. Бастапқыда ЛРТ кептелісті азайтады деген үміт болғанымен, оның алғашқы кезеңі мәселені түбегейлі шеше алмайды екен. Тек болашақта желі кеңейіп, бас шаһарды толық қамтитын инфрақұрылым құрылғанда ғана байқаймыз.
БЕКЗАТ ӘДІЛОВ, СӘУЛЕТШІ:
Қаланың басқа жағына бару үшін бәрібір такси немесе қоғамдық көлікке отыру керек болады. Соны есепке алғанда, бұл қатты кептелісті жеңілдетеді деп ойламаймын. Егер төрт кезеңі де салынып, жақсы жұмыс істеп жатса, сол кезде 30-40 пайызға кептелісті азайтуы мүмкін.
Алып жобаның тек бірінші кезеңіне қазынадан 1,8 миллиард АҚШ доллары жұмсалғанын еске салайын. Мамандардың пайымынша, ЛРТ өзін-өзі ақтап, пайда әкелетін коммерциялық бизнес емес. Бұл, ең алдымен, халықтың игілігі мен қаланың жайлылығы үшін жасалған әлеуметтік жоба ретінде қабылдануы тиіс дейді мамандар.
ӘЛИЯ ЖАНГЕЛДІ, УРБАНИСТ:
ЛРТ сияқты қоғамдық көлік жобаларына табыс әкелетін коммерциялық бизнес ретінде қарауға болмайды. Бұл – ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылым, яғни тұрғындардың еркін әрі ыңғайлы қатынауына арналған маңызды жүйе. Әлемдік тәжірибеде де қоғамдық көліктің өзін-өзі толық ақтамайтыны белгілі. Өйткені мұндай жобалардың пайдасы тікелей түсетін ақшамен емес, қала экономикасына, экологиясына және адамдардың өмір сүру сапасына тигізетін орасан зор оң әсерімен өлшенеді.
Халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын жалғайтын ЛРТ пойызы өз жұмысын бастады. Әр құрам 4 вагонымен бір мезетте 600-ден астам жолаушыны тасымалдап, таңғы алтыдан кешкі 11-ге дейін ары-бері жүйіткиді. Елордалық оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін жол жүру тегін, тек арнайы картаңыз болса болғаны. Осылайша, жиырма жылға жуық уақыт бойы «жыры таусылмаған» алып жобаның құрылысына нүкте қойылып, пайдалану кезеңіне жол ашылды. Сын садағына іліккен нысанның Астана тынысына қалай әсер ететінін енді уақыт көрсетеді.