Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Әкімшілік әділет – билік пен қоғамның сенімді институты

Бармақ басты, көз қысты әрекетке жол жоқ. Әсіресе адамның тағдырын таразыға салатын сот саласында ашықтықтың болуы аса қажет. Бүгінде әділетті қоғам құруға беттеген, ескі жүйенің жетегінде кетпеген Қазақстанда сотқа деген сенім артып келеді. Бұған бес жылдық белесін қорытындылаған Әкімшілік әділет институты дәлел. Билік пен бұқара арасындағы заңсыздыққа тосқауыл қойып, ақиқат іздеген жанды үмітсіз етпеген реформаның нәтижесі қандай? Тілшіміз баяндайсын.

Кез келген өркениетті елдің өзегі әділетті сот төрелігіне негізделеді. Бес жыл бұрын бұл сала әлемдік тәжірибеге негізделіп, мемлекеттік құрылым мен азаматтардың құқығын тең қорғайтын институт қалыптасты. Жаңа жүйе, әсіресе даулы мәселелер бойынша іс жүргізу тәртібін барынша жеңілдетті, деді мінберден сөйлеген Мемлекет басшысы. Нәтижесінде қоғам «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген стереотиптен арыла бастады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз.

Иә, қазір судьяның рөлі де өзгеше. Ендігі жерде ол тек бақылаушы емес, ақиқатты іздеуші белсенді тарап. Жаңашылдықтың нәтижесінде мемлекеттік аппарат пен жеке тұлғалар арасындағы даулардың 60 пайызы бұқараның пайдасына шешілген.

АСЛАМБЕК МЕРҒАЛИЕВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы 5 жылда сотқа 150 мыңнан астам әкімшілік талап қою тіркеліп түсті. Осы орайда жыл сайын өтініштер саны тұрақты артуда. Азаматтар жеңген істің үлесі 15 пайыздан 60 пайызға дейін өскені ерекше көрсеткіш. Бұл көрсеткіштердің артында әкімшілік кедергілердің жойылуы, нақты адамдардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың қалпына келтірілген құқықтары тұр.

Мемлекет халық алдында әрдайым ашық, деді Президент. Ел азаматтары алысқа бармай-ақ, кез келген мемлекеттік органға арыз-шағым бере алады. Бес жыл ішінде «е-Өтініш» онлайн платформасына 16 миллион өтініш түсіпті. Өз кезегінде ол бюрократиялық кедергілерді азайтып, жұртшылықтың ой-пікірімен санасуға жол ашып отыр. Бұл да Әкімшілік әділет институтының тиімділігін көрсетті, дейді депутат Абзал Құспан.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әкімшілік әділет институты құрылғанға дейін қарапайым азаматтар мемлекеттік органдардан ылғи жеңіліс тауып отырған болса, 2019 жылдан бері бұл жағдай күрт өзгерді. Қазіргі таңда азамат не кәсіпкер мемлекеттік органмен теңесті деп айтуға болады. Енді менің бір ғана тілегім бар. Осы жақсы үрдіс, тәжірибе сот саласының басқа салаларына, қылмыстық болсын, соған қарай ойысса екен деген.

Институттың тағы бір тармағы – өткен жылы құрылған дербес кассациялық соттар. Оған апелляциялық істерді қарау міндеті жүктелген. Осы уақыт аралығында 5000-ға жуық талап-арыз сараланса, соның 50-60 пайызында жеке тұлғалар мен бизнес өкілдерінің өтініші қанағаттандырылыпты.

ЕРЛАН НҰРАЛИЕВ, ҚР ӘКІМШІЛІК ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КАССАЦИЯЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Бұл дегеніңіз – азаматтар болсын, қандай тараптар болсын, тікелей кассацияға келіп, тікелей іске қатысып, тікелей шағымдарын беріп, өз көздерімен соттың алдында дауларын шешуге мүмкіндігі болады. Бұрынғы кезде қандай да бір шағымдар төменгі соттар арқылы келетін болса, қазір кассациялық сотқа тікелей өзімізге келеді. Өзіміз қараймыз, тікелей бағасын беріп жатырмыз.

Төле бидің «Тура биде туған жоқ» дейтін тәмсілі дәл осы әділеттілікті меңзейді. Ақиқатты алға тартқан реформаның да көздегені осы.

← Барлық жаңалықтар