Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Жамбылда зорланған мүгедек қыз босанды

14-те жүкті болып, 15-те ана атанды. Жамбылда ауыл балалары ойға да, қырға да апарып қорлаған қаршадай қыз босанды. Анасының айтуынша, жаға ұстатарлық жағдайдың орын алғанына бір жылдан асса да, күдіктілер әлі қолға түспеген. Керісінше, арын таптаған азғындар тайраңдап жүр дейді.

15 жасар жасөспірімнің толғағы басталғанда, анасы қызын алдымен Қордай аудандық ауруханасына апарған. Ай-күні жеткен жеткіншекті дәрігерлер екі апта бақылауда ұстап, кейін облысқа жіберген. Өйткені ауданда босандыруға мүмкіндік болмапты. Дәрігерлер жасөспірім табиғи жолмен баланы дүниеге әкеле алмайтын болғандықтан, оған кесарь тілігін жасапты. Қазір ана мен баланың жағдайы бірқалыпты. Ақ халаттылар екеуінің де денсаулығына айтарлықтай қауіп жоқ деп отыр. Сондықтан жас ананы бүгін перзентханадан шығармақ.

ГҮЛЗАДА ӘШІРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Жағдайы, дендері сау. Анасының да, баласының да. Енді тиісті ұйымдарға тапсырылады. Бұл өзінің тұрғылықты жеріндегі емханада ары қарай бақылауы жүргізіледі. Ана мен балаға 1 ай көлемінде көмек көрсетілді.

Әділдік іздеп, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырған ана өзіне жан-жақтан қысымның күшейгенін айтады. Оның сөзінше, тергеушілер күдіктілердің ата-аналарын ертіп келіп, істі тоқтату үшін ақша ұсынған. Ал тиын-тебенді алмаған соң, «ұл-қыздарыңды балалар үйіне алып кетеміз» деп қорқытыпты.

ЗӘБІР КӨРГЕН ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ:

Өзіңді апарып қамаймын деді. Күдіктілердің орнына деді. Резонанс тудырта берме деп, балаларыңды қайта балалар үйіне алып кетіп қаламыз деп қорқытты. Содан кейін мен резонанс тудыртпадым. Ешқайда бармадым. Содан бері тергеу амалдары тоқтап тұр.

Полиция департаменті тергеу жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ақыл-есінде кемістігі бар қыз туған сәбидің әкесі болуы мүмкін деген 7 күдікті анықталыпты. Істің мән-жайы ДНҚ сараптамасының қорытындысынан кейін белгілі болады дейді полицейлер.

ГҮЛСАРА МҰХТАРҚҰЛОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта қажетті тергеу және тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Дәлелдемелер жиналып, зерделенуде. Тергеу органдарымен істің барлық мән-жайлары жан-жақты анықталуда.

Жылай-жылай жасы таусылған ана бір адам тұтылып, қалғаны жазадан құтылып кетпесе екен дейді. Арам ойын іске асырғандар заң аясында түгелімен жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

← Барлық жаңалықтар