Мектептегі ерегістің соңы орны толмас қайғымен аяқталды. Алматыда 13 жастағы ұл өзінен бір жас кіші жеткіншекті пышақтап өлтірді. Куәгерлер қансыраған баланы көргенде оның ішек-қарны ақтарылып, бауыры сыртына шығып кеткенін айтып, шошынып отыр. Марқұмның туыстары күдікті жеңіл жазамен құтылып кете ме деп елең-алаң. Өйткені ұлды алдап-сулап жатақханаға шақырған жан досы істе тек куә ретінде тіркеліпті. Ал ол екеуін қасақана кездестіруі де мүмкін екен. Тұңғышын бүгін жер қойнына тапсырып, қайғыдан қан жұтқан отбасы арнамызға сұхбат берді.
Екі күннен бері жоқтау үзілмеген әулет қайғыдан қан жұтып, жүректері қақ айырылып Абылайхан Ержанұлын ақтық сапарға шығарып салды. «Тұңғышым» деп өбектеген ұлдары қас-қағым сәтте қайтыс болғанына сене алмай егілуде. Шешесі қайта-қайта құлап, дәрігердің көмегімен әрең отыр. Марқұм 10 маусым күні үйінен кешқұрым досының шақыртуымен сыртқа шыққан. Анасына «гүлім, тез келемін» деп кетіпті. Бірақ жан досы әскери жатақханаға алдап, қаскөйдің пышағына қасақана апарды дейді.
ЗАМИРА БАДАЛОВА, МАРҚҰМ АБЫЛАЙДЫҢ АНАСЫ:
Ол ешкімді көмекке шақырмай, жалғыз өзін тастап қашқан. Менің балам спортшы. Егер қолында пышағы болғанын білсе, қорғанар еді. Бірақ кірген бетте бір соққы жасап, құласа да 40 секунд ішінде үздіксіз сегіз рет ұра берген. Балам содан кейін көзін ашпады. Байқаусызда немесе ашумен емес, әдейі жасалған қылмыс болып отыр.
ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қанды қылмыс қаладағы дәл осы әскери жатақхананың екінші қабатында болған. Куәгерлер бет-жүзін ашып, оқиғаны ашық айтуға именіп отыр. Бірақ Абылайхан ішінен тоқтаусыз 9 рет пышақ жарақатынан кейін де, бірінші қабатқа түсіп көмек сұрап үлгерген. Сөйтіп бүктетілген күйі ұзақ отырған. Куәгерлер жедел жәрдем жетіп, дәрігерлер баланы аударған сәтте ішегі сыртына шығып кеткенін айтады. Абылайдың демі сол кезде үзілген.
КУӘГЕР:
Бала ана жерде жатты. Баланың көзі ашық, аузы ашық қалған. Бізге скорыйдағылар дышать деді. Сосын әжесін алдай тұрдық. Дышать, әже, Құдайдан тілеңіз, тірі қалады деп. Біз мына жақта жүрдік. Сонымен мен су алып шыққан кезде, ана баланы докторлар перевернули. Бауыр сияқты шығып кеткен, былай бір сүйем, ішектері шығып кеткен.
Марқұм бірінші қабатқа жан екпінмен түскен дейді көршілері. Әйтпесе 9 рет тығылған пышақ бірнеше ішкі құрылысын тіліп тастаған. Өзі де ережесіз жекпе-жекпен айналысқан спортшы көрінеді. Ал өлтірген бала небәрі 13 жаста. Олар бір мектептің оқушылары, бұрын да сөзге келген, бірақ төбелеспепті. Қазір полиция жеткіншекті ұстап, арнайы мекемеге қамағанын айтады.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Баланың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Міндетті түрде. Одан кейін қылмыстық іс аясында ата-аналарының жауапкершілігі де көзделеді. Өздерінің балаларын тиісінше тәрбиелемегендері үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қылмыстық істің 99-бабы нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Енді туыстары аса қатігездікпен өлтірген бала жазадан жеңіл құтылып кетеді деп күдіктеніп отыр. Өйткені кәмелет жасына толмаған, жатақханаға шақырған досы да куәгер ретінде тіркелген деп күйінеді. Ал бұл қасақана ойластырылған қылмыс дейді анасы.