Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Әділдік іздегендердің шындығы

Алматыда Оңтүстік Кореядан автокөлік жеткізуге қатысты резонансты сот процесі жалғасуда. Айыпталушы ретінде танылған кәсіпкердің әйелі Арман Кенжеевке нақақтан жала жабылған дейді. Айдана Кентаева кәсіпкердің қасындағы серіктесі, яғни жәбірленушілерден ақша алған азаматтың сотта күдікті емес, куәгерге айналып кеткеніне ашулы.

АЙДАНА КЕНТАЕВА, СОТТАЛУШЫНЫҢ ЗАЙЫБЫ:

Қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция бөлімінің заңсыз әрекеттерінің кесірінен бұл іс сотқа жолданып отыр. Осы алты ай бойы бармаған жерім жоқ, әділдік іздеп. Тергеу барысында әділдікке қол жеткізе алмадық. Аудандық прокуратурадан Бас прокуратураға дейін бардық. Ішкі істер министрлігіне де жүгіндік. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Қазіргі таңда, шыны керек, мен қорқып отырмын. Қарапайым халық қай жерден әділдік іздеу керек?

Тергеу мәліметіне сәйкес, бірнеше азамат Кореядан көлік алуға ақша төлеген. Алайда екі машина белгісіз себептермен Қазақстанға жеткізілмеген. Осы іс бойынша кәсіпкер Арман Кенжеевке клиенттердің ақшасын иемденді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған.

Ал қорғау тарабы қаражаттың көлік сататын компанияның шотына тікелей аударылғанын айтады. Кореялық SML компаниясының есепшотына тікелей аударылғанын шетелдіктердің өзі де растаған. Бірақ бұл негізгі фактіні Бостандық аудандық ішкі істер бөлімі негізге алмаған көрінеді. Кәсіпкерді үйінен өткен жылы желтоқсанда алып кетіп, қамап тастаған. Шағым түсірген үшінші жәбірленушімен беттестірілмеген. Қазір жақындары сотта әділ үкім шығып, бостандыққа шығарады деген үмітте. Қазір сот онлайн өтіп жатыр екен, соны офлайн етіп, журналистерді де қатыстырса дейді.

ҒАБИТ ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Неліктен қылмыстық істі сотқа жіберуге асыққан? Бұл жағына астынан не түрткі болды? Сұрақ өте көп. Енді осы сұрақтың бәріне жауапты соттан табамыз деп ойлаймыз. Сот әділ өтеді деп ойлаймыз. Бар үмітіміз сотта. Сот әділ үкім шығарса екен деген ниеттеміз. Өйткені адамның тағдыры шешіліп жатыр.

← Барлық жаңалықтар