QR-кодты сканерлеймін деп, бар жиған-тергеніңізден айырылып жүрмеңіз.
Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі белең алыпты.
Әккілер көшеде ілініп тұрған кодтарды басқа суретке алмастырып, ел-жұртты шатастырып жатыр.
Қаскөйлер жалған QR-ларды автобус аялдамаларына, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жарнамалық стендтерге және адамдар көп жүретін орындарға орналастырады екен.
Мұқият қарамасаң, сырт көзге кәдімгідей QR-кодтан аумайды.
Ал сканерлесең болды, алаяқтар түрлі сілтемелерге жетелеп апарып, жеке дерегің мен бар қаржыңды әп-сәтте қағып алады.
Осы орайда полицейлер тұрғындарға ескерту жасап, QR-дың жалған түрін бірнеше белгі бойынша ажыратуға болатынын айтады.
Соның ішінде код басқа жарнаманың үстіне жапсырылса, хабарландырудың сапасы төмен болса, сондай-ақ ұйымның атауы мен байланыс ақпараты көрсетілмесе, бұларды сканерлеуге асықпаған жөн.
Нұрай Құрақпай