Еліміз тағы бір маңызды саяси науқанға қызу дайындықты бастап кетті. Осы тұста Бас прокуратура азаматтарға ескерту жасады. Қадағалаушы орган «Сайлау» заңнамасын бұзғандар үшін жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді. Прокуратураның дерегінше, Орталық сайлау комиссиясында іс-шараларды өткізу бойынша қатаң күнтізбелік жоспар бекітілген.
Құжатқа сәйкес, 23 шілдеге дейін партиялық тізім бекітіліп, ұсынылған кандидаттардың аты-жөні белгілі болады. Ал дәл 23 шілде кешкі сағат 18:01-де саяси ұйымдардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына рұқсат беріледі. Бұл шара 22 тамыз түнгі 12-ге дейін жалғасады. Бас прокуратураның хабарлауынша, сайлау заңына сәйкес тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Ал ескертуді елемеген азаматтар тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.