Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Көк туды бейнелеген қырандар азайып барады

Көк туымыздың көп жерде желбірегенін қалаймыз. Бірақ аспанмен түстес байрағымыздағы алтын қыранның азайып кеткенін білесіз бе? Жерді айналып шығуға шамасы жетсе де, біздің ұлы даламызға келіп, балапан басатын алып бүркіт жойылып кетуі мүмкін. Енді Зоология институтының ғалымдары мен National Geographic Qazaqstan ұйымының өкілдері Қызыл кітапқа енген қырандарды қорғауға кірісті.

Қазақ ерекше қастерлеп, «Көк тәңірісі», «Қанаттылар ханы» деп құрмет тұтқан бүркіттердің тыныс-тіршілігін зерттеу қолға алынды. Қазақстанда қырандардың бірнеше түрі кездеседі, олардың ішіндегі ең көп тарағаны – мемлекеттік туда бейнеленген дала қыраны.

Мамандар бүркіттердің ұясына барып, балапандарына сақина салып, GPS тақты. Бұл қондырғы құстардың қай жерде мекендейтінін 5 жылға бақылауға мүмкіндік береді дейді орнитологтар.

БЕКЖАН БЕРДІҚҰЛОВ, ЗООЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒАЛЫМ-ОРНИТОЛОГЫ:

Бұл енді бір айдан кейін ұша бастайды. Ол енді бірден миграцияға кетіп қалмайды. Ол осы Алтын-Емел территориясында жүреді. Сол кезде осы территорияны қалай пайдаланады, қай жерлерде аңға шығады, сол сияқты ақпараттарды ала аламыз. Кейін күзге қарай Алтын-Емелден Оңтүстік Қазақстан арқылы Орта Азия елдеріне, сосын мүмкін араб елдеріне, мүмкін Африкаға қарай миграция жасайды. Ол енді қараша айларында белгілі болады.

Экспедиция барысында мамандар тек сақиналаумен шектелмей, қырандардың ұяларын зерттеп, тіршілік ететін ортасына мониторинг жүргізді. Сонымен қатар жыртқыш құстардың таралуына және санының азаюына әсер ететін негізгі факторлар зерделенді.

МАРҒҰЛАН МҰСАУБЕКОВ, «АЛТЫН-ЕМЕЛ» МҰТП ҒЫЛЫМИ АҚПАРАТТЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Алтын-Емел» табиғи паркінің күзет аумағындағы дала қыранының ұясын осыдан бір ай бұрын анықтағамыз. Сол жерде келіп, осыны бақылап, GPS салу, сақина салу жұмыстарын өздеріңізбен, Зоология институтымен бірігіп, жұмыстар жүргізіп жатырмыз қазіргі таңда.

Зерттеу барысында жиналған мәліметтер дала қырандарын қорғау бағытында жасалатын жұмыстарға негіз болмақ. Айта кетейік, Қазақстан – дала қыраны үшін әлемдегі маңызды аймақ. Өйткені дүниежүзіндегі популяцияның 82 пайызға дейінгі бөлігі біздің елде балапан басады. Кейінгі жылдары олардың саны күрт азайып кеткен.

← Барлық жаңалықтар