Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Сәрсемалиев соңғы сөзінде не айтты?

Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Бүгін Атыраудағы атышулы іске қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы ең ауыр жазаны сұрады. Ол күдіктіге 4 бап бойынша үкім шығаруды ұсынып, ақырғы шешімді өзгертпеуін өтінді. Бірақ қайын жұртын қырып салған қаскөй жанары жасқа толып, қазылар алдында соңғы сөзін әсерлеп айтты.

Естіген елдің жағасын ұстатып, жақындарының жанарын жасқа шылатқан соттың бүгінгі отырысы тым ауыр өтті. Өйткені кеудесін кек кернеген күйеу баладан бастап мемлекеттік айыптаушыға дейін көмейіне өксік тығылған. Алайда Сұлтан Сәрсемалиев тергеушіге айтқан сөзін терістемейтінін жеткізіп, сол баяғы ұстанымын өзгертпеді.

СҰЛТАН СӘРСЕМӘЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Барлық қылмысымның түп-тамыры осы отбасыма тиіcіп, қол сұғып, ар-намысымды аяққа таптап, соның нәтижесінде болған соның қорытындысы деп білем. Торғай екеш торғай да өз ұясын өле-өлгенше қорғайды. Менің өз отбасымды сақтаймын деген іс-әрекетім уақыт өте асқынып, күрделі күреске, арты осы қанды кесапатқа әкелетінін мен де болжаған жоқпын.

Қара тастай қасарған қайын жұртқа қастандық қылмадым десе де, марқұмның туыстары Сәрсемалиевке сенбеді. Бауырларының тірі жанға титтей де қиянат жасамайтынын жеткізді. Жанарына жас алып тұрып, «сотталушы жер басып жүрмесін» деп зілді сөзін айтты соңында.

ӘДЕМІ МҰҚАНҒАЛИЕВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Сәрсемалиевтен ақша сұрап тұрған жоқпын. Ақбаянды алдағы уақытта емдету керек. Оның баспанасы жоқ. Бес баласы бар. Оны кім бағады? Артында әке-шешесі, бауырлары біреуі де қалған жоқ. Оны ойлап жатқан ол жоқ. Балам дейді. Баласын ойлайтын болса, осындай іске бара ма? Қасақана істеп отыр! Өзім істедім деп мойныңа неге алмайсың? Мойныңмен неге істегеніңді мойындамайсың?

Ал мемлекеттік айыптаушы қылмыстың ауырлығын ескеруді сұрады судьядан. Сондай-ақ 4 бап бойынша түрлі айыптарды жіпке тізіп, 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды, 130 мың теңге көлемінде міндетті төлем мен 2 миллион 500 мың теңге процестік шығындарды өндіруді талап етті.

МИРАС БАУЫРЖАНОВ, ПРОКУРОР:

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жасаған қылмыстарының ерекше ауырлығын, олардың қасақана жасалғанын, бір отбасының 4 мүшесінің өмірін қиғанын, қылмыстың ізін жасыруға бағытталған кейінгі әрекеттерінің жәбірленушілердің мүлкін заңсыз иемденгенін, сондай-ақ қоғамға келтірген ерекше ауыр зардапты толық ескеру қажет деп есептеймін.

Алайда Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындамаған, қылмыс жасау ойында болмаған кейіп танытты. Судьядан жеңіл жаза сұрап, залдағылардың төбе шашын тік тұрғызды.

СҰЛТАН СӘРСЕМӘЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Екінші бір мүмкіндік берсе мүмкін… Құрметті сот. Мүмкін сұраудың өзі орынсыз шығар. Бірақ шекті мерзімге жаза тағайындауыңызды сұраймын. Өзім үшін емес. Мүмкін ата-анамды бұл өмірде көрмеспін енді. Бала-шағам үшін сұраймын, құрметті сот.

Ал екі айға жуық елдің құлағы түрік жүрген соттың түйінді отырысы қашан болары әзірге белгісіз. Барлығы судьяның шешіміне тіреліп тұр.

← Барлық жаңалықтар