Мазмұнға өту
· 17 қаралым

10 күнде 760 кг есірткі табылды

Шілде туғалы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері заңсыз айналымның тамырына балта шауып, небәрі он күннің ішінде жалпы салмағы 760 келі есірткі тәркіледі.

Сақшылардың құрығына іліккен бұл топтаманың 121 келіден астамы — жастардың санасын улайтын қауіпті синтетикалық заттар болса, тағы 266 келісі есірткіні қолдан жасауға арналған химиялық шикізат болып шықты.

Осы қысқа уақыт ішінде полицейлер есірткі бизнесінің тұтас желісін шетінен сөгіп, қылмыстың сан түрін әшкереледі.

Оның ішінде есірткіні саудалаудың 46 дерегі мен ажал уын аса ірі мөлшерде жасырын сақтаудың 4 фактісі бар.

Сондай-ақ заңсыз өнімді жергілікті жерде өндірмек болғандардың да жоспары күл-талқан болды, тәртіп сақшылары құрамында елірткіш заты бар өсімдіктерді егіп-өсірудің 40 плантациясын жойып, ел аумағына сырттан у тасымалдамақ болған 4 контрабандалық әрекеттің тас-талқанын шығарды.

Тәртіп сақшылары қылмысты құрықтап қана қоймай, жазғы демалыста жастардың қауіпсіздігін де жіті қадағалауда.

ЕЛДАР ӘБДІКЕНОВ, ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Алғашқы онкүндікте алты мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілді. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады.

Үсен Астана

← Барлық жаңалықтар