Танысы айуандықпен өлтірген Нұрай Серікбайдың ісі алты айдан соң сотқа жолданды. Жәбірленуші тарап адвокатының сөзінше, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін түзіп, істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберіпті. Дегенмен, қорғаушының сөзінше, прокуратураға жолданған өтінішхат тек ішінара қанағаттандырылған.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
Бұл аса ауыр санаттағы іс болғандықтан, осы мамандандырылған сот қарайды. Іс күдіктіге қатысты үш баппен жолданды. Ол — аса қатігездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу бабы бойынша. Менің ой-пікірім бойынша, келесі аптада ең алғашқы сот отырысы басталып қалуы тиіс.
Марқұмның туыстарының ендігі талабы — сот отырыстары онлайн көрсетілсе дейді. Әйтпесе, күдікті жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді. Қайғыдан қан жұтып отырғандар қыздарының ғұмырын қиған адамның өмір бойына сотталуын талап етіп отыр. Еске салайық, бұл қылмыс 11 қаңтарда жасалған еді. 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қыр-соңынан қалмаған жігіт оны бірнеше жерінен пышақтаған. Сәуір айында полиция күдіктінің психикалық ауытқулары бар екенін және ауруханада жатқанын хабарлаған. Алайда тексеру барысында мамандар ақыл-есінің дұрыс екенін таныпты.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
Біздің талабымыз — онлайн форматта барлығы көрсін, барлығы қарай алатындай, толықтай информацияны біле алатындай болу керек. Ашық түрде өту керек. Өлтіру фактісі кезінде қылмысты істегеннен кейін ол кісі қашып кеткен болатын, екі күннен кейін табылды, оның бәрін біз сотта қозғаймыз. Соттың іскерлігіне сенеміз. Өмір бақи бас бостандығынан айырылса екен деген талабымыз бар.