Ақмола облысында жол апаты үш адамның өмірін қиды. Бұланды ауданына қарасты Жаңаталап ауылының маңында қатты келе жатқан жеңіл көлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, өртеніп кеткен. Салдарынан салондағылар сыртқа шыға алмай қалыпты. Полицейлердің мәліметінше, апаттан үш адам қаза тапқан. Олардың бірі — әйел, екіншісі — кәмелетке толмаған бала. Ал үшінші жанның кім екені анықталып жатыр. Ауыр жарақат алған жүргізуші ауруханаға жеткізілген.
ДАНИЯР АМАНЖОЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгін сағат 13:00 шамасында Астана-Петропавл автожолының 148 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Қазіргі уақытта олардың жеке басы белгіленуде. Ауыр жарақат алған жүргізуші ауруханаға жатқызылды. Жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және рульде барынша мұқият болуға шақырамыз.
Жетісу облысында да жол апаты болды. Қатты құйғытқан жүргізуші рөлге ие бола алмай қалып, алдында кетіп бара жатқан көлікке соғылған. Салдарынан екі темір тұлпар да жолдың шетіндегі қоршаудан асып кетіп, бір тізгінші көз жұмды. Түрлі дене жарақатын алған жеті адам ауруханаға жеткізілген.