Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 63 қаралым

Сәрсемалиевтің сұмдығына нүкте қойылды

Атырауда қайын жұртын өлтірген Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Қайын жұртын қырып салған қаскөйге үкім шықты. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген Атыраудағы қырғынға кінәлі күйеубала сотталды. Ата-енесін, қайын ағасы мен балдызын өлтіріп көміп тастаған Сұлтан Сәрсемалиевтің көз жасына қарамады судья. Әйелімен Индонезияға қашып кетіп, Ломбок аралынан елге әкелінген қандықол қандай жаза арқалады?

Қайын жұртқа деген өшпенділігі өмір бойы бас бостандығынан айырды. Атыраулық Сұлтан Сәрсемалиевке бүгін сот үкімі шықты. Әйелінің әке-шешесі мен қос бауырын жер жастандырған жігіт енді бар ғұмырын тас қапаста өткізеді.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша Сұлтан Самиоллаұлы Сәрсемалиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны Сұлтан Самиоллаұлы Сәрсемалиевке қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесі белгіленсін.

Ал туыстары сот үкімі әділ болғанын жеткізді. Олардың ендігі бар үміті — Сәрсемалиевтің әйелі болған Ақбаян сауығып, бес баласының ортасына оралса дейді.

ӘДЕМІ МҰҚАНҒАЛИЕВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Мен үкімге әділ жаза берді деп айтамын. Хамидуллинаға рахметімді айтамын. Енді бүкіл халқыма, бәріне рахмет айтамын. Әділ жазасын алды деп. Алдағы уақытта Ақбаянның мәселесі шешімін табады деп ойлаймын.

Қатыгез күйеу баланың қылмысы осы қыста әшкере болған еді. Марқұмдардың туыстары төрт бірдей адамның ізім-ғайым жоқ болғанын былтыр желтоқсанда хабарлаған. Олар ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева және олардың ұлы мен қызы Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев еді.

ФАРИЗАТ КЕНЖЕҒАЛИЕВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Сарайда диван тұр еді. Екі кісілік диванды қойып, астына киізін жауып, молда қазады ғой, метр 30 ба, 20 ма. Сол сарайдың ішіне қан шашыраған аздап, сол линолеумге сіңіп қалған. Бетін тегістеп, алаша, паласты төсеп кеткен.

Бірақ жақындарының үміті ақталмады. Кісі қолынан қаза тапқан екі адамның денесі 6 қаңтарда өздері тұратын үйдің сарайынан табылып, 8 қаңтарда жерленді. Бірақ бұл уақытта марқұмдардың ұлы мен қызының не өлі, не тірі екені белгісіз еді. Сөйтіп, бір отбасын өлтірді деген күдікке сол үйдің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев ілініп, оған іздеу жарияланды. Ақыры бір жарым ай өткен соң қолы қанға боялған күдікті әйелімен бірге Индонезияда ұсталды.

Ал қос балдызы Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің сүйегі тек Сәрсемалиев мәйіттерді қайда көмгенін айтқан соң ғана табылды. Осыдан соң Сұлтан Сәрсемалиевтің үстінен екі немесе одан да көп адамды өлтіру, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық, алаяқтық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Осы қылмыстың барлығы сол әйелімді менен тартып алып, бес баламды саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ деп, бопсалап, осындай қылмысқа итермеледі.

Осылайша сот отырысы 18 мамырда басталды. Бірақ екі айға созылған процесс барысында ол қылмысын толық мойындамады. Соттағы соңғы сөзінде де қанды оқиғаның себебі — отбасымды қорғаудан туды деуден жалтармады.

СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Барлық қылмысымның түп тамыры осы отбасыма тиісіп, қол сұғып, ар-намысымды аяққа таптап, соның нәтижесінде болған, соның қорытындысы деп білем. Торғай екеш торғай да өз ұясын өле-өлгенше қорғайды. Менің өз отбасымды сақтаймын деген іс-әрекетім уақыт өте асқынып, күрделі күреске, арты осы қанды кесапатқа әкелетінін мен де болжаған жоқпын.

Дегенмен сот өз шешімін шығарды. Сәрсемалиевтің сұмдығына нүкте қойылды. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған одан жәбірленушілердің пайдасына 40 млн теңге моральдық залал өндірілді.

← Барлық жаңалықтар