Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Ішімдікке тойып алып, адам өлтірген

Павлодарда қылмысқа куә болған нақсүйерін өлтірген әйелге үкім шықты. Көрген жанның құйқасын шымырлататын бұл оқиға биыл қаңтарда болған еді. Тергеу мәліметінше, 38 жастағы келіншек құрбысымен ішімдік ішіп отырғанда жанжалдасып қалған. Сол кезде ай-шайға қарамай, оған пышақпен тұра ұмтылыпты. Жан сауғалаған әйел подъезге қашып шыққанда да қыр соңынан қалмай, сұлатып түсірген. Сәтін салғанда жәбірленуші әйтеуір аман қалған. Кіреберістегі камераға жазылып қалған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Ал көзі қанталаған әйел біреу-міреуге айтып қояды деп, бұл қылмысты көрген өзімен бірге тұратын ер адамның өмірін қиған.

НҰРЛАН ҚАЙЫРБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сотталушы пәтерге оралып, жәбірленушінің бірге тұратын адамы одан кек алуы мүмкін деп қорқып, ұйықтап жатқан жерінен оны өлтіру үшін өмірлік маңызды органдарына пышақпен сұғып алған.

Процесте сотталушының бұған дейін де адам өлтіріп, істі болғаны анықталды. Алайда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан екен. Судья оны кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Сотталушы кінәсін мойындап, өзі полицияға келгендіктен, үкім осындай жеңілірек болыпты.

← Барлық жаңалықтар