Шымкентте ұзату тойынан шығып, есірген жастар ұсталды. Олар өзара бәстесіп, кім кортежде көлігін соқпай діттеген жерге жететін болса, 200 мың теңге алады деп келісіпті. Қала көшелерін ойқастаған желөкпелер бір-бірінің көлігін әбден соққан. Ол аздай, қарсы бетке шығып, басқалардың өміріне қауіп төндірген. Әбден дарақыланғандар бұларын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктепті. Полицейлер мониторинг жасап, бәрін ұстады. Тексерген кезде бірінің тіпті көлік жүргізетін куәлігінің жоқтығы анықталыпты. Ал екеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 7 тәулікке қамалып, темір тұлпарлары айып тұрағына қойылды.
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛАР:
Автокортеж ұйымдастырған болатынбыз. Бірнеше құқықбұзушылық жасап, соның ішінде әкімшілік жауапкершілікке толықтай жеке-жеке тартылдық. Және өз істеген ісімізге қатты өкінеміз. Келесіде қайталамауға уәде береміз.
Желіге шыққан жігіттер оспадар қылықтары үшін өкінетіндерін айтып, кешірім сұрады.