Тобылдың байлығын тонап кетті. Қостанай облысында өзеннен заңсыз құм өндіріп, жағалаудың талқанын шығарғандар жауапқа тартылды. Табиғатқа нұқсан келтіріп, пайдаға кенелгендердің былығын Қаржылық мониторинг агенттігі анықтаған. «СТС-Цемент» компаниясының басшысы мемлекет белгілеп берген учаскеден тыс жерге қол салып, 719 млн теңге табыс тауыпты. Салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық зиян келтірілген.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Ғарыштық түсірілімдердің деректеріне сәйкес, су қоры жерлерінің бүлінген аумағы 28 мың шаршы метрден асқан. Табиғи кешенді қалпына келтіру үшін жағалауды бекіту, өзен арнасын тазарту және бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмысы қажет. Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, 12 автокөлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес үй-жайға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.