Ақтөбеде айдың-күннің аманында адам ұрланды. Киноға бергісіз шытырман оқиға жаяу жүргіншілер жолағындағы ерегістен басталған. Сол жерден өтіп бара жатқан қала тұрғыны жол ережесіне пысқырмаған көлік жүргізушісіне ескерту жасаған екен. Бұқаланған тізгінші бұны көтере алмай, екеуі кәдімгідей сөзге келіп қалыпты. Аздан соң екі жаққа кеткенмен, кек сақтап қалған ер адам тұрғынның ізіне түсіп, үйінің маңында торуылдапты. Сөйтіп оны шақыртып қойған таксиден күштеп шығарып алып, қасындағы сыбайластарымен бірге көлігінің жүк салғышына салып әкеткен. Полицейлер күдіктілердің бәрін ұстап, қамап тастады.
БАЛАБИ ӘЛИАСҚАРҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
102 арнасына бірнеше ер адамның бір азаматты күштеп автокөліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түсті. Адамды ұрлау сәті оқиға орнынан өтіп бара жатқан автокөліктің бейнетіркегіші арқылы түсіріліп қалған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің қолдауымен күдіктілер мінген Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады.