Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

35 рет пышақ сұғып өлтірген

Қорқытты, ізіне түсті, аңдыды, ақыры 35 рет пышақ сұғып өлтірді. Бүгін Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Прокурор айыптау актісін жариялап, қайғылы жағдайдың мән-жайын түгел баяндады. Оның сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әбден білгенін істеген. Әлеуметтік желі арқылы танысқан қызды еркінен тыс алып та қашыпты. Туыстары араша түскеннен кейін Нұрай үйіне қайта оралыпты, алайда қаскөй оны қудалауын тоқтатпаған. Ақыры бұнысы қайғылы жағдайға ұласып, 2026 жылдың қаңтарында қаныпезер өсіп-өнем деген жастың өмірін талқан етті.

МАДИЯР ӘБІЛҚАСЫМОВ, ПРОКУРОР:

Автотұрағына барып, автокөліктің ішінде болған бір дана қара түсті «Кузляр, сделано в России, Коршун-2» жазулары бар пышақты үстіндегі киіміне салып алған. Сол уақытта дүкенге шыққан жәбірленуші Серікбайға жолығып, саябаққа баруға ұсыныс жасаған. Алайда жәбірленуші бұл ұсыныстан бас тартып, үйіне қайтатынын айтқан. Сол себепті Аймаханның ойына адам өлтіру ойы туындаған. Күдікті Аймахан өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында қалтасына алдын ала дайындап алып келген пышағын шығарып, жәбірленуші Серікбайдың денесіне пышақпен 5-6 рет жарақат салған.

Пышақталған бойжеткеннің жанұшыра шыққан дауысын естіген бір жігіт оқиға орнына жүгіріп келеді. Мұны байқаған күдікті дереу қашып кеткен. Алайда араға аз уақыт салып қайта оралып, куәгердің көз алдында Нұрайға қайта тап беріп, өмірін қиған. Қоғамда резонанс туғызған іске қатысты басты сот талқылауы 2026 жылғы 28 шілде күні өтеді. Айта кетейік, марқұмның туыстары мен олардың адвокаттары сотты тікелей эфирде көрсетуді бірнеше рет сұраған еді. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Дегенмен, журналистердің процеске қатысуына рұқсат берілді.

← Барлық жаңалықтар