Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

51 адамды тақырға отырғызғандар сотталды

«Қыран» тұрғын үй кешеніне қатысты атышулы іске нүкте қойылды.

Басыбайлы баспанам болады деген бұқараны қуантудың орнына, ақшасын қалтасына басып, айлар бойы әлекке салғандар сотталды. Пәтер аламын деп алданған ағайынға 3 миллиард теңге шығын келген. Елуден астам адамның адал ақшасы мен есіл уақыты еш кеткен атышулы іске нүкте қойылды. «Қыран» тұрғын үй кешеніне қатысты тартыс нақты немен тынды?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Баспана, коммерциялық нысан мен паркинг сатуды желеу еткен алаяқтар 51 адамды тақырға отырғызған. 3 миллиард теңгеден аса шығын келтірген. Бүгін атышулы іске нүкте қойылып, төрт сотталушы 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың екеуі — шетел азаматы. Сондай-ақ барлығына 10 жыл бойы жылжымайтын мүлік сатумен айналысуға тыйым салынды.

Іс материалдары бойынша 25 пәтер бірнеше адамға сатылып, 51 тұрғын сан соғып қалған. Кейбірі баспананы жөндеп, көшкелі жатқанда ғана оның басқа қожайыны барын білген. Үкімге сәйкес, зардап шеккендер өтемақы өндіру үшін енді азаматтық тәртіппен талап арыз беруі тиіс. Алайда олар бұған көңілі толмайтынын айтады.

САЯТ ҚАЙРОЛЛА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Компания өзінің қызметкерлерін қарамаған, тексермеген. Қанша жылдар бойы көп квартиралар, помещениелер, паркингтер алып-сатылған, бірақ есеп сұрамаған. Енді осы 4 қызметкерден сұраңдар деп жатыр. Негізі компания өзіне жауапкершілік алуы керек деп ойлаймын. Менде басқа мүлік жоқ, баратын жерім жоқ. Отбасылымын, 2 балам бар, сондықтан сот оң шешім береді деп үміттенемін.

Жәбірленушілердің шығынын өтеу үшін айыпталушылардың атындағы бірқатар мүлік тәркіленді. Арест қойылған бұл мүліктер кейін жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге бағытталуы мүмкін. Төрт адамның жазасы белгіленді. Бірақ ондаған отбасының баспана дауы мұнымен аяқталған жоқ. Үкімге 15 тәулік ішінде шағым түсіруге болады. Ал жәбірленушілердің шығыны сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана өндіріліп, қаражат мүліктің құны мен атқару ісінің нәтижесіне қарай қайтарылады.

← Барлық жаңалықтар