Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі қатаң мекемеде өтейтін болды. Алайда 28 жастағы сотталушы сот үкімімен келіспейді. Енді апелляциялық шағым түсіретінін айтып отыр.
Шымкентте қоғам назарын аударған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс соңына жетті. Жаға ұстатарлық 21 жастағы студенттің қазасына қатысты сот процесі 7 айға созылған еді. Енді бүгін Фемида өкілі барлық тараптың уәждерін тыңдап, істі сараптап, сотталушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Айта кетейін, бұған дейін де прокурор 28 жастағы Шерхан Аймаханға осындай үкім кесуді сұраған еді.
СӘМИДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, 5-тармағымен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК 58-бабының 4-бөлігінің талаптары негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы 25 млн моральдық және 5 миллион материалдық шығын өтеуі тиіс. Ол бірнеше баппен айыпты деп танылды. Яғни процесс аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу ісі бойынша қаралды. Ол жарыссөзде өз кінәсін мойындағанымен, дәл мұндай ауыр жазамен келіспейтінін жеткізді.
ЕСБОЛАТ ҚҰРМАНБАЙ, СОТТАЛУШЫНЫҢ АДВОКАТЫ:
Үкіммен біз ішінара келіспейміз. Үкімді алғаннан кейін оны зерделеп, одан кейін апелляциялық шағым беру мәселесін қарастырамыз.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиға биыл 11 қаңтар күні болған еді. Үйінен дүкенге шыққан Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан 35 мәрте пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Оның алдында да қыздың қыр соңынан қалмай, өз дегеніне көндірмек болыпты.