Түннің ішінде ұл-қыздарын қараусыз қалдырып, жүріс-тұрысына көз қырын салмағандар жазаға тартылды. Астана, Шымкент қаласы мен Абай облысында рейд жүргізген полицейлер 480-нен астам әке-шешені жауапқа тартты. Одан бөлек, кәмелетке толмағандарға ішімдік пен темекі сатқан 28 кәсіпкер тәртіп сақшыларының құрығына түсті. Айта кетейік, түнгі уақытта бала қараусыз жүрсе, ата-анасына бірден 13 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл мөлшері шамамен екі есе өседі.
АСХАТ ДҮЙСЕНБЕКОВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын, немен айналысатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білуі тиіс. Өз кезегінде полиция тұрақты түрде іс-шараларды жалғастырады. Және балалардың құқықтарын қорғау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.