Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Ұлдана ісі: сотта жаңа деректер айтылды

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта жаңа деректер айтылды. Отырыста марқұмның бұрынғы күйеуі мен анасы жауап беріп, артында қалған қаржыға қатысты даулы мәселе сөз болды. Ал бұған дейін куәгер болған әйел сотта айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр. Істе тағы қандай мән-жайлар белгілі болды? Экс күйеу балаға 20 миллион теңгені кім берген? Дау болған көліктің жайы не болды?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот жалғасуда. Бүгінгі отырыста процеске жаңадан қосылған сотталушының адвокаты іс материалдарымен танысуға үлгермегенін айтып, процесті кейінге қалдыруды сұраған еді. Алайда судья оның өтінішін қанағаттандырмады. Ол қорғаушыға құжаттарды сот отырыстарының арасында оқуды тапсырды.

Сотта алғашқылардың бірі болып марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жауап берді. Жәбірленушінің айтуынша, Ұлдананы жерлеу рәсімінен кейін оны және марқұмның әпкесін елорда әкімдігі шақырған. Сол жерде мәслихат депутаты өтемақы ретінде 20 миллион теңгені қолма-қол берген.

ӘДІЛЕТ ЗЕЙНЕЛ, МАРҚҰМНЫҢ ЭКС-КҮЙЕУІ:

Үш күн ішінде көліктің несиесін төледім. Кейін банкке бардық. Ол жерде Ұлдананың шоттары толығымен бұғатталғанын, несиелерді тек 6 айдан кейін жабуға болатынын айтты. Алдын ала сома — шамамен 4 миллион 300 мың теңге. Қалған 9 миллион 200 мың теңгені көлік несиесіне жұмсадық, кейін 4 миллион 500 мың теңге Ұлдананың анасына берілді. Содан кейін құдайы тамақ, қой сою сияқты ұсақ-түйек шығындарға кетті.

Алайда марқұмның әпкесі экс-күйеу баласының бұл сөзімен келіспейді. Оның айтуынша, Ұлдананың 9 миллион 200 мың теңге көлеміндегі көлік несиесі болғаны рас. Ал бұдан бөлек мүлдем несиесі болмаған.

АҚНҰР МЫРЗУАН, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Ұлдананың машинасының несиесі бар екен. Ол несиені де сомасының үстіне қосып айтты. Жалпы оның сомасы сотта да айтылды. 9 млн 200, ал екінші несиесі мүлдем болмаған. Сол жоқ несиенің ақшасын менің бұл жерде сұрап алғаным, Әділеттен сол ақшаны сұрап алғаным болып тұр ғой. Сол ақшаны сұрап алмағанда, ол ақшаны маған ол бермеуші ме еді.

Сотта Ұлдананың анасы Сәлима Омарова да жауап берді. Қызынан айырылған ана сол күнді еске алып, ауруханаға барған сәтін айтып берді.

СӘЛИМА ОМАРОВА, ҰЛДАНАНЫҢ АНАСЫ:

Сол кезде мені ғана кіргізді. Қызымды көріп, қатар жатқан адамдарды көріп, қызымды таппай қалдым. Қайсы қызым екенін таппай қалдым. Қызыма ішімнен неше түрлі сөздерімді айтып, қызым, сен хабарласам деп едің ғой деп. Неге олай жатсың деген сияқты. Не айтарымды да білмеймін.

Ал сот үзілісінде тілшілерге оқиға болған үйдегі ОСИ-дің басшысы Сәуле Жұбаниязова сұхбат берді. Ол бұған дейін іс бойынша куәгер болғанын, кейін өзіне де айып тағылғанын айтады. Ал адвокат жалдауға қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан, өзін қорғауға дайындалуға уақыты да жетпеген көрінеді.

СӘУЛЕ ЖҰБАНИЯЗОВА, АЙЫПТАЛУШЫ:

Қылмыстық іс бойынша мен бастапқыда куәгер болдым. Алайда 20 шілдеде маған айып тағылып, күдікті ретінде танылдым. Сол уақытқа дейін адвокат іздеп, қорғауға дайындалуға мүмкіндігім болмады. Адвокат жалдауға қаржылай жағдайым да жоқ. Себебі мен екі баламды жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Өз баспанам жоқ, көлігім несиеге алынған. Қазір Қазақстандағы ОСИ төрағалары қолдау көрсетіп, қолдан келгенше қаражат жинап, көмектесіп жатыр. Менің ең қатты таңғалғаным — куәгер болып жүріп, бір күнде күдіктіге айналып кеткенім. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін бұл жағдайға сене алмай жүрмін.

Ал сот отырысы 24 тамызда жалғасады. Сол күні тараптардан жауап алу әрі іс материалдарын қарау жалғаспақ.

← Барлық жаңалықтар