Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 19 қаралым

Анықтама сатқандар жазаланады

075 анықтаманы қайдан сатып алсам болады? Әлеуметтік желілерге осы мазмұндағы хабарландыру жариялайтындар көбейді. Азаматтар медициналық тексеруден өтуге ерініп, 7000 теңгеге сатып ала салғанды жөн көреді. Тіпті олар мұның қылмыс екенін білмейтін де сияқты. Егер жалған құжат жасатқаны әшкереленсе, 40 тәулікке қамауға алынып, 692 000 теңге айыппұл төлейді.

Міне, қараңыз, бірі баласы алмаған вакцинаны алды деген қағаз іздесе, келесі біреу еңбекке жарамсыздық туралы, тағы бірі жүргізуші куәлігін алу үшін жалған медициналық тексеруден өтті деген анықтама керек деп ашықтан-ашық желіге жазған. Бұның соңы ірі көлемдегі айыппұлға әкеп соғатын қылмыс екенін білмесе керек.

АҚБӨПЕ ТӘҢІРБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Әлеуметтік желіде жарнамасы сыңсып тұр. Біреуіне хабарласып көрейік:
— Бассейнге қанша справка қажет еді? — 4000 теңге.
— Маған 4 баламды бассейнге апаруға керек.
— Келіңіз, жасап береміз.
— Балалардың өздерін апару қажет емес пе?
— Жоқ, сразу жасап береміз.
— Бір баламда лишай бар еді, ондайға қарамайсыздар ғой, сіздер?
— Қарамаймыз.

Көрдіңіздер ме? Тіпті баланың жасын да, құжатын да сұрамады, бірден 4000 теңге деп тоқетерін айтты. Тіпті бассейнге түсуге болмайтын диагнозы бар шығар… Оған да бас қатырмады. Заңгер мұндай заңбұзушылықтың тарттырар зардабын ескертеді.

МЕРХАТ АХМЕТОЛДИН, ЗАҢГЕР:

Біріншіден, егер ол бірнеше рет қайталанған болса, бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылады. Және жалған құжаттарды дайындау алдау мақсатында жасалады, алдау мақсатында жасалса, ҚК 190-бабына сәйкес бас бостандығынан айыратын жазалар қарастырылған. Осы медсправканы қазір көп жасайды, оның көбіне немқұрайлы қарайды, сатып алып жатады. Ондай жолға бармау керек. Ертең де тексеріс, басқа да іс-әрекеттер болса, жауапқа тартылады. Көбіне баласына пайдаланады. Енді өсіп келе жатқан баланың болашағына балта шаппау керекпіз.

Енді тыңдаңыз. Денсаулыққа қатысты анықтама сату мен сатып алудың жазасы Қылмыстық кодексте жазылған.

БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық кодексінің 385-бабының бірінші бөлігіне сәйкес куәлікті немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау, сондай-ақ қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді және өзге де құжаттарды дайындау немесе өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соғады. Мұндай әрекеттер үшін екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, алты жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл ғана емес, анықтама жасап сатқан адамды сот 4 жылға қызметінен қуады. Клиенті де жазадан құр қалмайды. 4 мың теңгеге сатып алған анықтамасы үшін 692 000 теңге айыппұл төлеп, 40 тәулікке бас бостандығынан айырылады. Сондықтан дәл қазір жұмысқа, балаларды мектепке дайындайтын кезде арнайы емханадан тексеруден өтіп барып анықтама алуға ерінбеңіз.

← Барлық жаңалықтар