Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 21 қаралым

Он елді біріктірген отырыс

«Үш зұлым күшпен» күресті күшейтеміз! Қырғыз астанасында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының 26-отырысында біздің Мемлекеттің басшысы осылай деді. Президенттің «үш зұлым күш» дегені – терроризм, экстремизм және сепаратизм. Он елдің басын қосқан жиын бұл жолы Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс келгенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі. Ал «Шанхай бестігінен» бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымның бұл жолғы күн тәртібінде қозғалған мәселе көп.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Алатаудың ар жағында 10 елдің басын қосқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті. Бұл басқосу 2001 жылы қазығын қаққан бірлестіктің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да болар, кеңейтілген форматқа қосымша 8 мемлекеттің өкілі қатысты. Ширек ғасыр ішінде бірнеше мемлекетті қанатының астына жинаған одақтың мәжілісінде осы жолы да геосаяси әрі экономикалық мәселелер күн тәртібіне шықты.

Биыл мерейтойлық саммитке келген меймандардың қарасы қалың. Азия құрлығы былай тұрсын, төрткүл дүние көз тіккен жиынды өткізу мәртебесі Қырғыз еліне бұйырған болатын. Бауырлас елдің басшысы Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевпен қоса, өзге елдің Президенттерін шетінен күтіп алып, құрмет көрсетті. Алқалы жиын ары қарай ортақ фотоға түсумен жалғасты.

Осыдан соң халықаралық кеңеске қатысушылар ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған Қырғыз басшысына алғыс айтты. Содан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер үшін айрықша маңызды мәселелерге ойысты. Әлемде түрлі әлек туып жатқан тұста бұл одақтың рөлі басым бола түскенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. «Үш зұлым күшпен» – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсаттары мен міндеттерін қолдайды.

Қырғызстан төрінде талқыланған тақырып тек бұл емес. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейтудің мәні зор екенін айтты. Өйткені татулық пен ынтымақтастықтың арқасында ұйымға мүше елдердің тауар айналымы 1 трлн долларға таяған. Осы орайда отандық мамандар Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін халықаралық бірлестіктің берері мол дейді.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

«Бір белдеу, бір жол» ШЫҰ арқылы іске асып жатыр ғой. Сондықтан бұл жерде логистика міндетті түрде дамуы керек. Ол экономиканың өзегі десек те болады. Өйткені бізге сырттан өнімдер келіп, біздің шығарған өнімдер сыртқа шығуы керек. Сондықтан бұл ұйымның бізге пайдасы көп. Әрі айтып отырғанымдай, дүниежүзінің 40 пайызы осы жерде қамтылған. Ал ЖІӨ-нің 30 пайызы осы жерде қамтылған.

Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн.

ЖАДЫРА ӘСЕТҚЫЗЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

Осы жылы Даму банкін атап өтті. Егер ол Даму банкі бәріне консорциум болып кесілетін болса, Қазақстанда штаб-пәтерін орналастырайық деген. Сол сияқты біздің қызығушылығымыз – ол орталық дәлізді дамытып, транзиттік емес, экономикалық хабқа айналдыру. Және де осы одан сырт сыртқы инвесторларды тартуға тырысып жатырмыз.

Ал халықаралық сарапшылар Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзіне серіктес болғысы келетін елдерді әрқашан құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты. Әрі олар өзара сенім білдіріп, диалог құрып, әр мемлекеттің өркениетін құрметтей білсе, бұл қауіпсіздікті анағұрлым күшейте түседі. О баста бірлестіктің басты бағыты да осы сын-қатерден шекарааралық аймақтарды қорғау болған. Бірақ кейін келе арнасы кеңейіп, түрлене түсті. Осы тұста Қазақстан өз позициясын айқын көрсеткенін жеткізді.

ЧЖАО ЮНЬФЭЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды транзиттік хаб қызметін атқарады. Өйткені ел өте маңызды логистикалық және стратегиялық нүктеде орналасқан. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы транзит пен байланысты қамтамасыз ететін негізгі тірек саналады. Сондықтан «Бір белдеу, бір жол» аясында Қытай – Орталық Азия және Қытай – Еуропа теміржол бағыттары бойынша ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл байланысты қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлі ерекше.

Мұнымен қоса, жиында Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселелері де қамтылды. Президент жаһан бет бұрған жасанды интеллектіге бірлестік құрамындағы елдер бейімделіп қана қоймай, оның әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық беру қажет екенін де айта кетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, инновациялық әлеуеті мол. Сондықтан тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, жасанды интеллект экожүйесін дәйекті түрде қалыптастыра отырып, технологияларды бірлесе ойлап табуды және құзыреттілікті арттыруды жеделдетуге болар еді. Қазақстан осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қытайдың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болды. Сондықтан Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз.

Осылайша форум «ШЫҰ+» форматында жалғасты. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдерін алаңдатқан судың жайын қозғап, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсыныс тастады. Тіршілік нәрі тартылып, жаһан жылынып жатқанда мұндай түйткілдердің айтылуы орынды. Ал осы мәселелерді шешуде қауымдастықтың бірлескен іс-қимылы аса қажет.

ЖАДЫРА ӘСЕТҚЫЗЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

Алдында ғана болды үлкен су тасқыны. Мысалы, сондай қауіптердің барлығы бізде де бар. Қазақстанда көптеген мұздықтар бар. Соның бәріне ортақ ресурстарымызды қолданып шешуге ыңғайлы платформа. Онымен қоса киберқауіп, онымен қоса біз айтып отырмыз ғой цифрландырамыз деп, оған қатысты да жанама мәселелер болады.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Осы ШЫҰ алаңын пайдалана отырып, біздің мемлекет көпвекторлы саясат ұстанып отыр. Сырт мемлекеттермен орта державаны ұстап, бастамашылдық және практикалық саясатын ұстану арқасында осы жерде беделді мемлекеттердің біріне айналды десек болады.

Сонымен, Қырғызстандағы жиын Шанхай ынтымақтастық ұйымының бағыттары уақыт талабына сай өзгеріп, жаңа ұстанымдармен толығып келе жатқанын көрсетті. Қазақстан үшін бұл өз бастамаларын көтеріп, ұлттық мүддені халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң болып қала береді. Ендігі міндет – осы айтылған идеяларды сөз жүзінде қалдырмай, белді бекем буып, нақты іске көшу.

← Барлық жаңалықтар