Құмар ойындарының кесірінен елімізде мыңдаған отбасының ойраны шықты. Ессіз ермекке ересектер құмар ма десек, кішкентайлар да кет әрі емес екен. Саябақ пен дүкен жанындағы ойыншық толы автоматтар бар ғой?! Иә, дәл сол алақайлап ақша тігетін шыны жәшіктер балаларды лудоманияға жетелейтін болып шықты. Бұл мәселе тым өзекті. Сөзіме дәлел болу үшін сандарды сөйлетсек! Жаһандағы ұл-қыздың 17,9 пайызы құмар ойын ойнайды екен, яғни әр алты жасөспірімнің біреуі бәс тігеді. Соңғы 12 айдағы көрсеткіш бойынша әлемдегі 159 миллион 600 мың бала ақша тігіп, ұтыс күткен. Оның ішінде ұлдардың үлесі 40,8 пайыз болса, қыздарда бұл көрсеткіш 21 пайыз. Бұл қатердің алдын алуға бола ма? Ата-аналар нені білмей жүр?
ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:
Бұл Астанадағы Есіл жағалауындағы саябақ. Иә, қателеспедіңіз. Әдетте отбасыңызбен серуендеп, бала-шағаңызбен таза ауа жұтып, жұмыстан кейін бір сәт тынығып, арқаны кеңге салатын орын ғой. Бірақ бүгінгі көрініс көңілге кірбің түсіреді. Саябақтың әр бұрышында ақша салып, ұтысқа таласатын түрлі ойындар қаптап барады. Құмар ойынның зардабынан қоғамды арашалап, одан арылтамыз деп жүргенде, енді сол кеселді ұл-қыздардың көз алдына қойып, өскелең ұрпақтың санасын улап жатқан жоқпыз ба?
Саябақ дегенде көзге алдымен көк майса, жайқалған ағаш, қолына балмұздақ ұстаған бала, бейқам қыдырып жүрген ата-ана елестейтін. Ал қазір аттап бассаң, ойын автоматтарынан аяқ алып жүру қиын, түр-түрі алдыңнан шығады. Бірінен өтіп, «қоя салайын» десеңіз, енді бірі еліктіріп, делебеңді қоздырып тұрады. Біз жай-жапсарын білу үшін ұйымдастырушыларды сөзге тарттық.
Бала ойын көрсе, қызығады. Қызыққан соң сұрайды, кейін байқап көреді. Жылтыраған, жарқыраған дүние ұл-қыздарды қызықтырмай қойсын ба?! Ата-аналар баласын райынан қайтарудың орнына қолпаштап жатқанын көзіміз шалды. Халық қалаулысы Нұргүл Тау да осыған алаңдайды. Оның айтуынша, үлкендер байқамай жүріп, балдырғанға құмарлықтың дәмін татқызып жатыр.
НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Ең бірінші айтарым, осы ата-аналардың жалпы балалардың осы ойындарға немесе құмар ойындарға немесе бірдеңенің тәуелділігіне жалпы бақылау қойып үйрену керек. Мысалы, кейбір ата-аналарға қарап отырсаңыз, оның өзі ақша беріп, өзі ойнатады. Ананы жеңіп ала аласың, мынаны көрсең болады. Кішкентай ғана балаларға, 5-6-7 жастың балаларына ойыншықты іліп алып алғанына мәз болады. Кішкентай қоянды алса да. Екіншісін алғысы келеді, үшіншісін алғысы келеді. Ол біраздан кейін соны көрген сайын алғысы келіп отырады.
Иә, депутат сөзінің жаны бар. Айтқаны айдай келді. Саябақты аралап жүріп, осындай көрініске тап болдық.
– Не ойнап жатырсыздар, аға?
– Ойын ойнап жатырмыз.
– Балаңызға? – Иә, иә.
– Өзіңіз ақша төлеп бердіңіз бе?
– Иә. Аға, бұл азарт ойын деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, балалар өзі «пап, давай-давай ойнайық» дейді, қалай откажусь?
Бір қарағанда азарт ойынға ұқсай қоймайды. Десе де, бүгін қызық үшін атқан оқ, ермек үшін тепкен доп, жарған шар ертең ақша тігіп, ұтыс күтетін әдетке ұласуы мүмкін дейді психолог. Аз-аздан басталған әуестік ақырында қалтаны түгел қағып алуы ғажап емес. Оның пайымынша, құмарлық бір күнде пайда болмайды. Әуелі ермек болып басталып, кейін әдетке айналып, бірте-бірте бойға сіңіп, тамырын тереңге жаяды.
БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Өмір тәжірибесі қалыптаспаған, бір рет ойнап көргенде ештеңе жоқ, екі рет ойнап көргенде ештеңе жоқ. Осы арқылы олар бірте-бірте бейсаналы түрде мынау ойынға құмарлық деген адамның психикасына ықпал ете береді. Және де кейбір адамдардың жарнамалардың, мысалы, мен миллион ұтып алдым, 2 миллион ұтып алдым, машина ұтып алдым деген жарнамалары адамға позитивті түрде, психикаға әсер етеді. Сол арқылы адамдар өздерін осындай жолмен байқап көргісі келеді. Егер бала кішкентайынан бастап осындай ойынға бейімделіп ойнап өсетін болса, әрине оларды өскеннен кейін ақша таба бастағаннан кейін лудоман болып кету мүмкіндігі, ықтималдығы өте жоғары.
Әсіресе, бесіктен белі шықпай жатып санаға сіңген мұндай ермек ертең есейгенде өкінішке айналуы мүмкін. Бірер жылдан бері оңалту орталығында еңбек етіп, талай лудоманның тағдырымен бетпе-бет келген маманның да айтары осы. Оның сөзінше, ерте жаста басталған ынтызарлықтың бетін бері қарату әлдеқайда қиын. Одан арылу оңай шаруа емес. Тіпті білікті маман статистикамен мысал келтірді. Өз-өзіне қол жұмсау деректерінің көбі осы жастайынан қалыптасқан азарт ойындардың кесірінен болып шықты.
НҰРЛЫБЕК ТҰРСЫНБЕКОВ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Кішкентай кезінен бастап сол азарт, сол ойын, сол сезімдер, сол дүниелер енді өсіп қалыптасып келе жатқан санаға, психологиясына сіңіп қалса, әрине ондай адамды бері қайтару қиын. Мынау денсаулық сақтау ұйымының статистикасына қарасақ, жастардың арасында көбірек суицид болады. Кішкентай кезінен ойнап өсе келе даму деңгейлерінен өтіп жатқан кезде сол нәрсе өмірінде пайда болып, соның бір әсері болса, ертең ол бір қиындыққа соғып, бағанағы айтып жатқан нәрселерге апаруы мүмкін.
Қаупі бар екенін бір емес, екі маман растап отыр. Олай болса, оны реттеудің, қажет болса шектеудің жолы бар ма? Заңгерлер қолданыстағы заңнамада нақты тетік жолын алға тартады.
АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:
Егер де ақша алмайтын болсаң, мысалы, ойын-сауыққа келдің, паркке келдің, бір шар лақтырдың, тирмен аттың, онда ақша алмайтын болсаң, сол ұтқан нәрсеңе әшейін бір зат алатын болсаң, онда ол заңмен қарастырылмайды. Ойын бизнесі туралы заңға жүрмейді ол. Бұл жай ғана техникалық регламентпен қарастырылатын нәрсе. Оған әлі бізде Қазақстанда заң жоқ.
Бұл саланың ойынға тікелей қатысы болған соң, Туризм және спорт министрлігіне ресми хат жолдап, жөнін білмек болдық. Сөйтсек, бұл ведомствоның қарамағына қарамайтын болып шықты. Әкімдіктің де есігін қақтық. Ол жақтағылар да автомат қойып, бизнес қылғысы келгендер арнайы рұқсат алмайды дейді.
МАҚСАТ ЖАҢАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі таңда біздің кәсіпкерлік кодексіне сәйкес оған ешқандай шектеу жоқ. Өйткені әрбір кәсіп өзінің ИП-сын ашып, болмаса ТОО ашып, жұмыс жасай беруге рұқсаты бар. Бізде қаладағы парктердің бәрі сенімгерлік басқаруға берілген. Сол сенімгерлік басқарудың компаниясымен әрбір кәсіпкер өзі барып, шарт жасап, сол шарттың мәселесінде қаралады.
Иә, кәсіпкер үшін жол ашық. Нәпақасын тауып, бизнесін дөңгелетіп отыра береді. Ал балалардың болашағына сызат түсіп жатыр. Депутат Нұргүл Тау шетелдерде алдымен табыс емес, өскелең ұрпақтың болашағына алаңдайды деп кесіп айтты.
НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Мен халықаралық үлкен мықты-мықты елдерде, дамыған елдердің тәжірибесін көрдім. Шынымен де реттеу қойылып отырады екен. Әр ойынның түріне жас шектеулері бар екен. Осыған қатысты бізде жұмыс істеуіміз керек сияқты. Айтып отырмын ғой, лудоманияның өзімен күресудің сыртында алдын алу жұмыстары жақсы екен шетелдерде де.
Бүгін көшедегі ойынға қызыққан бала ертең ұтыстың соңынан еріп кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. «Баланы жастан» деген тәмсілдің төркіні де осында. Ұрпақтың санасына бүгін не ексек, ертең соны орамыз дейді психологтар. Ендігі үміт жақында сайланған Құрылтайда. Депутаттар өскелең ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін құмар ойынды заң тілімен реттейді деп сенеміз.