Технология дамып, заман озған сайын баланың да тілін тауып, ойындағысын түсіну қиындап бара жатқандай. Көнбіс миллениалдар тәрбиелеп отырған альфа ұрпақтың қазіргі талғамы басқа. Оны өзге емес, өзінің ғұмырын ұстаздыққа арнағандар жақсы біледі. Айтпақшы, екі күннен соң елімізде педагогтердің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Ойлау қабілеті ерек, дүниетанымы бөлек ұл-қыздарды білімге үйірудің түрлі тәсілін меңгерген маман иелерінің еңбегі ерен екенін айтпасақ болмас. Бірі оқушыларды тарихқа жаңаша қызықтырып, енді бірі зағиптардың білімді болуына үлесін қосып жүр.
Тәрбиеленушіден тәрбиешіге дейінгі жол. 19 жастағы Аружан бүгінде Астанадағы балабақшалардың бірінде қызмет етеді. Колледжді аяқтай сала, бірден осында жұмысқа қабылданған. Қазір бүлдіршіндердің тілін тауып, тәрбиелеп жүр. Ең қызығы — жас маманның өзі осыдан 17 жыл бұрын дәл осы мекеменің табалдырығын аттаған еді.
АРУЖАН САҒАТ, ТӘРБИЕШІ:
Осы балабақшаға өз үлесімді қосқым келді. Балалармен жұмыс жасау өте ұнайды. Бір жыл болды, үйреніп қалдым. Басында балалар кішкентай болды, басында үйрену қиын болды. Қазір балалар орта топ болды.
Кезінде Аружанды күтіп алып, тәрбие берген апайлардың дені қазір зейнетте. Десе де тал бесіктен тәлім берген ұстаздары жас маманның жадында сақталып қалыпты.
АРУЖАН САҒАТ, ТӘРБИЕШІ:
Енді бала болғаннан кейін есімде жоқ. Бірақ апайларымызбен сурет салатынбыз. Менің есімде, апайымның аты Шынар болған. Солай ғана есімде қалған. Бір құрбым болған, Лиза деген. Фотоларда бар.
Аружанды бұрынғы ұжымы аты-жөнінен-ақ бірден таныған. Тіпті оның балабақшаға қашан, қай күні келгені мұрағаттағы сарғайған құжаттардың арасынан табылған.
ҚҰНДЫЗ КӨШЕН, ҚАЛАЛЫҚ №39 БАЛАБАҚШАНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Сағат Аружан біздің балабақшаға 2007 жылғы бала, 2009-да келген. Бұрын жолдамамен балабақшаға орналастыратын. Жолдамамен келген. 2013-2014 оқу жылында мектепке түлеп ұшқан. Ол кезде енді бәрін қолмен жазған. Мұрағатты қараған кезде тіпті қай топқа барғанын көрдік. «Ақбота» ортаңғы тобына барған. Тәрбиешілері Шынар апай, Мәншүк апай болған.
Ұстаздарының ізін жалғаған жас маман енді бұл салаға біржола бет бұрмақ. Қазірдің өзінде жоғары оқу орнына түсіп, білімін жетілдіріп жатыр. Әріптестері оны «сабырлы әрі өз ісіне тиянақты» деп бағаласа, бүлдіршіндердің де Аружан апайына деген ықыласы ерекше.
ХАНТӨРЕ, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:
Тамақ береді, тамақ. Аружан апай тамақ бере ме? Иә. Хантөре, тыныш отыр деп айта ма? Иә, Хантөре, тыныш отыр дейді.
Ал ұстаздық жолда 23 жылдық тәжірибесі бар Ботагөз Тулубайқызының қызметі мүлде өзгерек. Осыдан бес жыл бұрын жаңа мектепке келгенде, оның жолы ерекше білім беруді қажет ететін балалармен тоғысады. Көру қабілеті төмен оқушылар педагогтің бағытын мүлде басқа арнаға бұрған. Осылайша ол Брайль жүйесін, яғни нүктелі-бедерлі қаріп арқылы оқып-жазу әдісін меңгеруге кіріседі.
БОТАГӨЗ ЖАМАНБАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
Осы жерге келгенде ең бірінші өзімде ой туды, неге мектепте тәрбиеші деп. Орналасқаннан кейін білдім осындай ерекше балалар оқитынын. Сөйтіп отырып, балалармен бірге өзім үйрендім. Алты нүктелі Брайль шрифтін педагог өзі білуі керек. Ең маңызды. Содан кейін барып, балаларды сипап сезу, алты нүктені үйрете отырып, балалар кітап оқиды. Жазады. Өзіміздің құралымыз бар. Дәптеріміз бар. Грифель бар. Сол алты нүктені жаттай отырып, балалар жазады.
Білікті ұстаздың айтуынша, зағип балаларға арналған бұл арнайы сыныптар кәдімгі жалпы білім беретін мектептің жанынан ашылған. Оқу бағдарламасы да өзге оқушылардікімен бірдей. Тек кабинеттер мен оқу құралдары солардың қажеттілігіне сай бейімделген. Сондықтан баланы оқыту аса қиынға соқпайды, әрі шәкірттері де шетінен зерек екенін айтады.
БОТАГӨЗ ЖАМАНБАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
Біздің балалар қабілеттері өте сондай, аспаптарда өте жақсы ойнайды. Кез келген іс-шараларға қатысады. Әлихан деген оқушымыз пианинода ойнайды, үшінші сыныпта. Жүлделі орындарға ие.
Егер мұғалімнің ынта-жігері болса, ерекше балалармен жұмыс істеу еш қиындық тудырмайды дейді педагог. Содан да болар, ата-аналардың ардақты ұстазға деген алғысы шексіз. Мысалы, қызының келешегіне алаңдаған Нұржан ат арытып, сонау Атыраудан көшіп келген. Жалғыз мақсаты — перзентін дәл осы Ботагөз Тулубайқызындай ұстаздың қолына табыстау еді.
НҰРЖАН РУСЛАНҰЛЫ, АТА-АНА:
Өзім ұстаз болсам да, Ботагөз Тулубайқызының еңбегі өте көп деп айтқым келеді. Себебі ұстаздық қызметтің өзі үлкен ғой. Дейтұрғанмен, осындай ерекше балаларға мейірімділікпен ерекше білімді беру әрбір ұстаздың қолынан келмейді. Апайымызға өте ризамыз. Қызымды үйде үлкен шрифтпен оқытып келгем. Осында келгелі Брайль қарпін таныды.
Ал тарих сабағын асық ойнатып, оқушыларды батырлардың кейпіне енгізіп түсіндіретін мұғалімді көріп пе едіңіз? Ақтөбелік Айбол Орынбек дәл осындай креативті тәсілдер арқылы қазақ және әлем тарихын балалардың санасына сіңіріп жүр. Айтуынша, қазіргі жас буынның сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін осындай тың қадамдар ауадай қажет.
АЙБОЛ ОРЫНБЕК, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
2010 жылдан берігілерді «альфа ұрпақ» дейді ғой. Сол балаларды қызықтыру өте қиын. 5 секундтық внимание дейді, 8 секундтық назарын өзіңізге аудара алсаңыз, сабақ жақсы өтеді. Былтыр 7-сыныпта сабаққа келетін болсақ, Қазақ-жоңғар соғысы болды тақырып. Сол тақырыпты түсіндірген кезде балалар түсінбеді: қылыш деген не, қанжар деген не деген кезде қауіпсіздік мақсатында үйге балаларға тапсырма бердім. Қылыш істеп келіңіздер картоннан. Кейін әкімшіліктің рұқсатымен алаңға шығарып, балалардың барлығына соғыс тактикасы қалай болады, жекпе-жек қалай болады, солай сабақтың барысын түсіндірдік.
Кейіпкеріміз сабақ беру форматын жыл сайын жаңартып отырады. Өйткені оқушылардың танымы кеңейіп, зейіні ашылған сайын мұғалімнің де ойында түрлі идеялар туындайды.
АЙБОЛ ОРЫНБЕК, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Мысалы, асық ату ойыны түркі кезеңінен бар, біздің заманымызға дейін 10-ғасырларда пайда болды. Қазіргі таңда мен оны тенниспен байланыстырамын. Қолдың жұмыс жасауы, аяқтың жұмыс жасауы, белдің, қолдың, құлақтың естуі. Үлкен теннис болса, асықты алыстан ату. Үстел теннисі болса, асықты жақыннан ату деген сияқты.
Ал оқушылар Айбол Ерболұлының кітап шеңберімен шектеліп қалмай, әр тақырыпты өмірмен байланыстырып, ерекше түсіндіретініне тәнті. Мұндай сабақтар балалардың бойында жаңа дағдылардың қалыптасуына үлкен ықпал еткен.
ДИАС МАНАРБЕК, ОҚУШЫ:
Кітапта тек деректер беріледі. Оны бірден оқып, түсініп алу менің ойымша өте қиын. Сондықтан Айбол ағай өтетіндей презентация қойған, түрлі музейлерге барған, сабақты басқа форматта өткізген оқушының өзіне ұнайды. Түсінікті, пайдалы әрі қызықты болады.
Иә, шәкірт жүрегіне білім нәрін себетін мұндай жандардың беделі әрқашан биік, абыройы асқақ. Мемлекет те қолдау көрсетіп, олардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Мысалы, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғалы ұстаздардың жалақысы 5 жылда 2 есе артқан. Ал былтыр 10 мыңға жуық жас маман жұмысқа қабылданыпты. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі биыл жоғары оқу орнын бітірген түлектер қызметке орналасуы үшін конкурс шарттарын жеңілдетіпті.
ЗЕЙНЕП МАҚСҰТОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің жас мамандар биыл оқу бітіріп келгендер мұндай конкурсты көтере алмайды. Сондықтан жақсы оқуын бітірген, қызыл диплом, GPA-сы 3,33-тен асқан болса, олар конкурссыз негізінде қабылданады. Конкурсқа қатыспайды. Бірден жұмысқа қабылданады.
Сонымен ұлағатты жолда еңбек етіп жүрген бұл жандардың әрқайсысы — ұрпаққа бағдар беріп, қоғамның берік іргетасын қалап жатқан нағыз мамандар. Демек қоғамда дәл осындай жанашыр ұстаздар барда, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болмақ!