Қарағандыдан қашып кетіп, Астанада 8 жыл бойы жасырынып жүрген зейнеткер ұсталды. Жақындары «ізім-ғайым жоғалды» деп күдер үзген ол содан бері бас қалада жымын білдірмей өмір сүріпті. Полиция қызметкерлері күдіктіні «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тауып, қолға түсірген. Сөйтсе, төңірегіндегілер моп-момақан деп жүрген жасы егде тартқан кісі кезінде кеншілер қаласындағы қоймадан жалпы құны жарты миллиард теңге болатын тауарды қолды қылған екен.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Олардың қатарында Астана қаласында ұсталған 67 жастағы ер адам бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған. Іс материалдарына сәйкес 2018 жылы Қарағанды қаласында ол коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарды сату сылтауымен алып шығып, құны 401 млн теңгеден асатын мүлікті иемденген.
«Қауіпсіз үй» шарасы аясында тәртіп сақшылары 249 мың тұрғын үй нысанын, соның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді аралап шығыпты. Оның барысында жоғарыда айтылған қариядан да бай алаяқ ұсталды. Ол – 1,3 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасаған 45 жастағы шетел азаматы. Операция барысында іздеуде жүрген 537 шетелдік, сондай-ақ Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеу салған 1 031 күдікті ұсталған.